09.02.2021, 17:20

«Біздің елде ұрлауға, тонауға мүмкіндік бар да, халыққа қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндік жоқ» - Жанболат Мамай

Фото: svoboda.org
Көктемде коронавируспен күресуге деп бөлінген 14.5 миллиард доллар ұшты-күйлі жоқ. Сол ақшаның басым бөлігі биліктегілердің қалтасына түссе, таңқалатын түк те жоқ.

Коронавируспен күреске деп бөлінген қыруар қаржының есебін сұрап, жоғары жақты жиі-жиі мазалап жүрген қоғам белсендісі әрі «Демократиялық партия» атты қоғамдық ұйымның жетекшісі Жанболат Мамай пандемияны сылтауратып жұрттың қалтасына түсуді тоқтатуды шақырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, халықтың қаржысы әр түрлі жолмен шенеуніктердің қалталарына түсіп, одан әрі офшорларға аударылып жатыр. 

«Пандемияға бөлінген қаржының 1 миллиард долларға жуығы «тиімсіз жұмсалған» болып шықты. Биліктің өзі осыны мойындап отыр.

«Тиімсіз» жұмсалды деген не? Ол шенеуніктердің қалтасына түсті, офшорларға аударылды, ұрланды, тоналды деген сөз. Бұл тек қана ресми түрде ашылып отырған мәлімет. Ал жасырын қалған, құпия сақталған ұрлығы қанша? Көктемде бөлінген 14.5 миллиард доллар ұшты — күйлі жоқ. Сол ақшаның басым бөлігі биліктегілердің қалтасына түссе, таңқалатын түк те жоқ. 

Бұл ұрлықты қалай тоқтатуға болады? Тек қана талаптарымызды қоя білсек, алаңдарға шықсақ, сонда ғана тоқтауы болады. Осыншама қаржыны тонатпай, одан гөрі елге несиелік амнистия жариялау керек деген ұсынысты көтердік. Сол айтқанымыз дұрыс болып шықты. «Қаржы жоқ», «мүмкіндік жоқ» дегендер қазір не дейді? Ұрлауға, тонауға мүмкіндік бар да, пандемия тұсында халыққа қолдау көрсетуге ақша жоқ па? Міне, осы бастаманы соңына дейін жеткізгіміз келсе, митингілерге шығып, алаңдарға барып, талапты ашық қоюымыз керек. Басқа жолы жоқ», -  деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пандемияны пайдаланып қаржы жымқыру фактілеріне байланысты 100 қылмыстық іс тіркелгенін айтқан болатын. Олардың жартысына жуығы – корона дағдарысқа қарсы бөлінген қаражатты қолды еткен.

«Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, лауазымын «қалтасын толтыруға» пайдаланып, жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды. Менің ойымша, өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю – сатқындық пен адам өлтіруге тең», -  деп атап өткен болатын  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.