11.02.2021, 21:25

Қазақстан 80 елдің қатаң қысымына ұшырауы мүмкін

фото: ria.ru
Қазақстан Екінші Факультативтік Хаттамаға ескертпесін қабылдағаннан кейін халықаралық қысымға душар болуы мүмкін.

2021 жылғы 2 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» заңына қол қойды. Алайда оны ратификациялауымен іс бітпейді екен, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.

Бас прокуратураның мәліметінше, енді осы Хаттама еліміздің ұлттық заңнамасына кіріктірілуі (имплементациялануы) керек. Сонда ғана толыққанды күшіне енеді. Сондықтан, Президент әкімшілігінің басшысы биылғы 11 қаңтарда Бас прокуратураға мүдделі меморгандармен бірлесіп, ұлттық заңнаманы осы халықаралық міндеттемелерге сәйкес үйлестіруге бағытталған бөлек заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

Осы мақсатта Бас прокуратура «ҚР Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңының жобасын әзірлеп шықты. Ол алда ел Парламентіне енгізілмек.

Еліміз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетіне 1 жыл өткен соң, содан кейін комитеттің сауалы бойынша 4 жылда бір есеп беріп отыруға тиіс. Қазақстан халықаралық құжатты сөзсіз мойындаған жоқ, оған ескертпе жасап, қосылып отыр: мемлекетіміз соғыс кезінде әскери сипаттағы аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты өлім жазасын қолдану құқығын сақтап қалды. Бұл халықаралық құқыққа қайшы емес. Өйткені аталған Хаттаманың 2-бабы соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі деп танылған адамға өлім жазасын қолдану құқығын мемлекеттердің өзіне қалдыруына мүмкіндік береді. Ол ол ма, тіпті 6-бапта төтенше жағдай кезінде де өлім жазасына кесуге тыйым салынбайтыны қосымша нақтыланған. Соған қарамастан, осы құжатқа ескертпемен қосылған елдер қысымға ұшырауда екен.

Қазіргі уақытта Екінші Факультативтік Хаттамаға әлемдегі 88 мемлекет қатысушы болып табылады. Ресей, Беларусь, Тәжікстан өлім жазасынан бас тартпады: құжатқа қол қойған да, оны ратификациялаған да жоқ. Бізге таяу шет елдер арасында Хаттаманы Грузия (1999 жылы), Түрікменстан (2000), Украина (2007), Өзбекстан (2008), Қырғызстан (2010) ешқандай ескертпесіз ратификациялады. Армения 2019 жылы қол қойғанымен, сол бойы ратификацияламады.

Жалпы алғанда, дүниежүзінде өлім жазасынан түпкілікті бас тартқан 88 мемлекеттің арасында тек 8 ел соғыс уақытына қатысты ескертпе енгізу құқығын пайдаланды. Ниетінен қайтқан елдер Артынша олардың біразы әртүрлі ықпалмен бұл райынан қайтуға мәжбүр болыпты.

Мысалы, Испания 1998 жылы, Мальта 2000 жылы, Кипр 2003 жылы өз ескертпесінен бас тартты. Әйтпесе, бастапқыда Испания өз ескертпесінде төл Әскери-қылмыстық кодексінде көзделген «ерекше және өте ауыр жағдайларда, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын» өзіне қалдыратынын айтып, табандаған еді. Әзірбайжан 1999 жылы осы құжатқа қосылғанда, ерекше жағдайларда арнайы заң қабылдау арқылы соғыс уақытында немесе соғыс қатері жағдайында жасалған ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын қолдануға рұқсат етті. Алайда 2000 жылы Франция, Финляндия, Германия, Швеция және Нидерландының қарсылықтарынан кейін Әзірбайжан Үкіметі Хаттамаға ескертпесін өзгертетінін хабарлады.

Бүгінде өлім жазасын қолдану туралы нормалар Әзірбайжанның қылмыстық заңнамасында қарастырылмаған және әскери сипаттағы қылмыс түрлері де сол бойы анықталмады. Тіпті былтыр Таулы Қарабақ үшін Армениямен соғысқанда, ешкімге өлім жазасы қолданылмады. Грекия да ескертпемен қосылған елдің бірі еді. Онда өлім жазасы 1995 жылғы Әскери-қылмыстық кодексте қарастырылды. Әйткенмен, өзге серіктестері мұнысын құп көрмеген соң, Эллада елі 2004 жылғы заңымен оны алып тастады. Осылайша, барлық қылмыстар үшін өлім жазасының күшін жойды.

Жойылғанға дейін өлім жазасы Грекияда дұшпанның жағына өту немесе оған қызмет ету, дұшпанға көмектесу, әскерден қашуға итермелеу, мемлекет басшысына не әскери генералдарға қастандық жасау, тұтқынға түсу, диверсия, тыңшылық үшін қарастырылған-тын. Нәтижесінде, қазіргі уақытта Бразилия (2009), Чили (2008) және Эль-Сальвадор (2014) елдерінде ғана ескертпелері күшінде қалды. Бірақ олар да халықаралық қауымдастықтың наразылығына кезігіп жүр.

Атап айтқанда, Бразилияның ескертпесіне қатысты Финляндия БҰҰ Бас хатшысына мәлімдеме жолдап, Бразилия Үкіметі соғыс уақытында қолданылатын ұлттық заңнамасының ережелері туралы хабардар етпегеніне назар аудартқан. Құқық қорғаушылар бұл мемлекетті өлім жазасынан толыққанды бас тартпаған ел деп айыптап жүр: бұған Бразилияда 1988 жылғы Конституцияда әскери емес қылмыстар үшін өлім жазасын тағайындауға тыйым салынғаны да тоқтау болар емес.

Себебі, бразилиялық Әскери-қылмыстық кодекстің 355–368-баптарында әскери қызметшілер және кей жағдайда елдің ұрыс қабілетіне зиян келтірген азаматтық тұлғалар аса ауыр қылмыстары үшін өлім жазасына жазаланады. Оның ішінде тұтқынға түсу не жау жағына өту, қару-жарақ пен соғыс құралдарын тастау, жау әскерлеріне қызмет ету, командирді шегінуге, тұтқынға берілуге не жау жағына өтуге мәжбүр ету, тыңшылық, ұрыс даласында қорқақтық немесе ұрыс алаңынан қашу, бүлік және жауға көмек көрсетудің басқада түрлері өлім жазасына соқтырады.

Эль-Сальвадор да 2014 жылы ратификациялау кезінде әскери заңнамада көзделген жағдайларда өлім жазасын тағайындау құқығын өзіне қалдыратынын ескертті. Осыны айтуы мұң екен, бірден 14 мемлекеттен БҰҰ-ға Эль-Сальвадордың ескертпесіне қатысты қарсылықтар келіп түсті. Бұл ел бәрібір өзінің осы тәуелсіз құқығын сақтап қалды. Мемлекеттің Әскери сот төрелігі кодексіне сәйкес, өлім жазасы соғыс уақытында мемлекетке опасыздық жасағандарға және бейбіт уақытта аса ауыр жағдайларда, соғыс уақытында – тыңшылық жасағандарға, көтеріліс немесе бүлік басшыларына, қашуды ұйымдастырғандарға қатысты тағайындалады.

Ең жоғарғы жаза кімдерге қолданылмақ?

Мемлекетіміздің халықаралық құжатқа жасаған ескертпесіне сәйкес, өлім жазасы 4 бапта сақталып қалады деп жоспарлануда. Бас прокуратура әзірлеген заң жобасы соны көздейді. Нақтылай кетсек, біріншіден, басқыншылық соғысты тұтандыру немесе жүргiзу үшін айыпталғандарға (Қылмыстық кодекстің 160-бабы, 2-бөлігі). Екіншіден, тыйым салынған жаппай қырып-жою қаруын қолданғандарға (ҚК-нің 163-бабы, 2-бөлігі). Үшіншіден, оккупацияланған аумақта не соғыс қимылдары ауданында қаруын тапсырған, қорғану құралдары жоқ, жараланған, ауру, кеме апатына ұшыраған адамдарды, медицина қызметкерлерін, діни персоналды, әскери тұтқындарды, азаматтық тұрғындарды өлтірушілерге (ҚК-нің 164-бабы, 2-бөлігі).

Төртіншіден, соғыс уақытында жасалған геноцид (ҚК-нің 168-бабы, 2-бөлігі) үшін әскери трибунал арқылы өлім жазасы тетігі іске қосылмақ. Заң жобасы: «Өлім жазасы бейбіт уақытта орындауға жатпайды» дейді. Қазақстанда 17 жыл бойы өлім жазасына мораторий күшінде болды. Алайда судьялар сотталғандарды 17 бап бойынша ең жоғарғы жазаға кесуін жалғастырды. Салдарынан егер мораторий жойылғанда олардың бәрінің жаны жаһаннамға жіберілуі мүмкін еді.

Ең соңғы өлім жазасы туралы үкімнің бірі 2016 жылы Алматыда полицейлерді атып, 10 адамды өлтірген Руслан Күлекбаевқа қатысты шығарылды. Кейін оның жазасы өмір-бойға бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Қалай болғанда, Қазақстан Екінші Факультативтік Хаттамаға ескертпесін қабылдағаннан кейін халықаралық қысымға душар болуы мүмкін. Сонда биліктің табанының бүрі жоқ болып, ұстанымында табандай алмай, әрлі-берлі тайғанақтамаса болғаны.