$ 495.2  522.34  4.94

«Қазақстан парламентіндегі 3 партияны асырау үшін ел үкіметі бес жылда 42 млрд теңге жұмсайды» – журналист

Жыл басынан бері үшеуіне 1 млрд 100 млн теңге беріліпті.
Фото: facebook.com/nurbek.tusiphan/
Фото: facebook.com/nurbek.tusiphan/

Жалпы елімізде парламенттегі бір депутатқа қанша ақша жұмсалатыны туралы ақпарат құпия болып саналады. Үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы «Қызметтік пайдалану үшін» деген белгісімен мақұлданған ережесіне сәйкес (№ 646 қаулы) депутаттардың жалақысы туралы мәліметті таратуға болмайды. Бірақ соған қарамастан кейбір сарапшылар парламент игіліне жұмсалатын қаржының көлемін жұртқа жариялап жатады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

AzatNEWS жаңалықтарының продюсері әрі жүргізушісі Нұрбек Түсіпханның айтуынша, Парламенттен орын алған үш партияға аз қаржы жұмсалмайды. Яғни бас-аяғы бес жылдың ішінде 42 млрд теңге жұмсалады екен.

«Қазақстан парламентіндегі 3 партия мемлекеттік бюджеттен, яғни халықтың ақшасынан секунд сайын 266 теңге алады. «Нұр Отан» - 208 теңге, «Ақ жол» - 32 теңге, «Қазақстан халық партиясы» (коммунистер) - 26 теңге. Секунд сайын. Жыл басынан бері үшеуіне 1 млрд 100 млн теңге беріліпті. 5 жылда 42 млрд болады екен», - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында. 

Басында айтып өткеніміздей, депутаттардың жалақысы туралы мәліметті таратуға болмайды. Қаржы министрлігінің таратқан мәліметіне сенсек, парламенттегі бір депутатқа қанша ақша жұмсалатыны туралы ақпарат құпия болып саналады.

«Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мемлекеттік органдардың есебінен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады. Құжат үкіметтің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қаулысымен «Қызметтік пайдалану үшін» белгісімен мақұлданған.

Ереженің 37-тармағына сәйкес таратылуы шектеулі құжаттар мен басылымдардан алынған мәліметтерді сөз сөйлеуде немесе ашық баспасөзде, радио және теледидар арқылы хабарларда пайдалануға жол берілмейді. Осыған байланысты осы мәселе бойынша ақпарат беру мүмкін емес», - делінген Қаржы министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстан Парламенті екі палатадан тұрады: Мәжіліс және Сенат.

Мәжілісте 107 депутат бар. Оның 98-і саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша сайланады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - 5 жыл. 

Ал Сенатта 49 депутат бар. Оның ішінде 15 депутат палатада қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де маңызды мүдделерін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып тағайындалады. Олардың өкілеттік мерзімі - 6 жыл.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары