18.02.2021, 17:20

«ІІМ Тұрғымбаевтан көмек сұраған қарияға полицейлер қысым көрсетіп жатыр» – Айгүл Орынбек

Фото: halqym.kz
Шиелі аудандық полиция бөлім басшысы, Даулет Беркімбаев, сіз қарт кісіге «фейсбукқа шығарып, интернетті шулатқаның үшін балаңды қаматамын!» деп сәлемдеме айтып жібергеніңіз рас па?

Бүгін Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қарасты Ыбырай Жақаев ауылында тұратын кәсіпкерлердің бірі жергілікті полиция қызметкерлерінен зәбір көріп жатырмын деп Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан көмек сұрағанын жазған едік. Алайда қарияның сол арызы өз басына тоқпақ болып тиіп жатқанға ұқсайды. Жергілікті полиция өкілдері "үстімізден арыз жаздың" деп қарияның ұлының үстінен іс қозғаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында жазған.

«Ерлан Тұрғымбаев мырза!

Полицияға көмек сұрап, арыз жазып барған қарияның баласына іс ашқан!

Бүкіл осы іске қатысты, қылмыстық іс құжаттарымен танысып шықтым!

Қолдан іс жасау Қасымовтың дәуірінде қалды ма десем, әлі де жалғасып жатыр екен...

Шиелі аудандық полиция бөлім басшысы, Даулет Беркімбаев, сіз қарт кісіге «фейсбукқа шығарып, интернетті шулатқаның үшін балаңды қаматамын!» деп сәлемдеме айтып жібергеніңіз рас па?

Рас болса, сонда тергеушілеріңіздің заңсыз ісін ешкім білмей отыру керек пе?

Осылай азаматтардың құқығы таптала беру керек пе?

Тергеушілеріңіз қылмыстық іске қатысты жауап беру хаттамаларын бермей жүргеніне үндемей отырған едім, бес кәуегер бола тұра адамды «қаматамын» деп қоқан-лоқы көрсету, қызмет бабын асыра сілтеп пайдалану болып табылатынын, сіз менен жақсы білетін шығарсыз!

Бүкіл куәгерлерді ертең шақырып, прямой эфирде ашық зерделеуді өзім жүргүземін!

Ел тыңдап төрелігін береді!

Әділетсіздікпен, сыбайластық, жемқорлық өршіген заманда осылай ашық ел алдына шығуға тура келеді!», - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.

Естеріңізде болса, Сейтқали Ділімбетов есімді қария әлеуметтік желі арқылы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан көмек сұраған болатын. Қарияның айтуынша, 21 қаңтарға қараған түні біреулер Сейтқали Ділімбетовтің жеке дүкенін, мал қорасы мен бастырмасын өртеп, түн ішінде жеңіл көлігіне оқ жаудырыпты. Бытырадан атылған оқ қарияның жаңа босанған келініне де тие жаздаған.

Аудандық полиция бөлімі істі толық тергеудің орнына, Ділімбетовтің отбасына қоқан-лоққы көрсетіп, арызды қайтып алуын талап етуде екен. «Осы оқиғаға қатысты Қызылорда облыстық Полиция департаментіне, Шиелі аудандық полиция бөлімшесіне арыз жаздым. Бірақ алақандай ауылда оқ атып, өрт қойғандар, адам өміріне қауіп төндіргендерді жазалауға полицейлер мүлде асығар емес. Түн ішінде кім көрінген келіп оқ атып, өрт қоя беретін болса, біздің қауіпсіздігімізге кім жауапты? Полицейлер бұл істі тергеп, соңына жеткізудің орнына, өзімнің отбасыма жала жауып, осы істің ақ-қарасын анықтамақ болған ұлымнан қайта-қайта жауап алып жатыр», - деп атап өткен қария өз арызында.