$ 449.3  489.69  4.89

Белгілі жазушы Марал Ысқақбайдың «Авторлар қоғамынан» 200 млн теңге қаржы жымқырғаны рас па?

2011 жылдардан бастап авторлардың ақшасын депозитке салып пайда тауыпсыз. Өзіңіздің «Ғалам мюзик» коммерциялық мекемеңізге қоғамның 108 миллион ақшасын аударып жіберіпсіз.
Фото: ult.kz
Фото: ult.kz

Әлеуметтік желі бетінде белгілі жазушы, драматург Думан Рамазанның «Қазақстан авторлары қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марал Ысқақбайға қатысты біраз былықтың бетін ашқан жазбасы тарап жатыр. Думан Рамазанның бұл хатында жазушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марал Ысқақбайдың авторлардың ақшасын талан-таражға салып, онымен қоймай бұл қаржыны депозитке салып, қыруар пайда тауып отырғаны айтылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай мырзаға» делінген хатында ол «Ақылға келіңіз, Аға! Мені қойшы, тіпті өзімнің жеке қаламақымды аға ретінде Өзіңізге байладым, сексеннен асқан жасыңызда мінгізген атым, жапқан шапаным болсын! Оған өкінбеймін де. Бірақ, қайтыс болып кеткен замандастарыңыздың кейбір жесірлері бар екен, сол қаламақыға қарап, жандарын бағып отырған. Олар да екі-үш жылдан бері қоғамнан бір тиын ала алмай отыр. Тым құрыса сондай көмекке зәру жандарды аясаңызшы, ойласаңызшы!», - деп Марал Ысқақбай мырзаны ойлануға шақырған. 

Бәрі түсінікті болу үшін Думан Рамазанның Марал Ысқақбайға жазған хатының толық нұсқасын ұсынуды жөн көріп отырмыз: 

Көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Марал Ысқақбай мырзаға
Құрметті Марал аға!

Біз негізінен Президенттің атына және хұқық қорғау органдарына шағым хат жазбақшы болғанбыз. Мен ойлана келе Президентке емес, өзіңізге ашық хат жазғанды дұрыс көрдім. Неге? Өйткені, Сіз біз ғана емес, ел сыйлайтын қаламгер ағамызсыз. Сондықтан Сіздің үстіңізден арыз-шағым жазуды өзіме ар санадым.

Ал енді басынан бастайын. Осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын Сіздерге, яғни Авторлар қоғамына бардым. Ондағы ойым ел театрларында қойылып жатқан қойылымдарымнан түсетін тиын-тебенді біліп, егер бар болса ала кету еді. Өйткені, тиын-тебен қай кезде де артық етпейді ғой! Есеп-қисапқа жауап беретін қызметкеріңіз компьютерден аты-жөнімді қарады да, «150 мыңдай теңгеңіз бар екен, бірақ қазір бере алмаймыз, сот болып жатыр, сот біткен соң ақшаңызды міндетті түрде береміз!» деді. Содан Өзіңізге кірдім. Ондағы ойым таныстығымды пайдаланып, сол жиналған 150 мың теңгедей өз қаламақымды алып беруіңізді өтіну болатын. Сіз де сот болып жатқанын айтып, «оны дәл қазір алып бере алмаймыз, сот біткен соң береміз, ол өзіңнің ақшаң, ешқайда кетпейді» деп шығарып салдыңыз! Содан сұрастырып көрсем, Авторлық қоғам үшін талас болып жатыр екен. Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиевпен соттасып жатыр екенсіздер! Амал жоқ, ың-шыңсыз екі жылдан аса уақыт соттың аяқталғанын күттік. Сот та аяқталды.

Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиев соттан жеңіп шықты. Енді ақшамызды алатын шығармыз деп ойладық. Содан Авторлар қоғамына барып, Байғали Есенәлиевпен сөйлесіп, «жиналған ақшамызды бер» дедім. Ол ақшамызды бере алмайтынын, өйткені Сіздің қажетті есеп-қисап құжаттарын толық өткізбегеніңізді айтты. «Бар құжат осында деп бір дискіні беріп жіберіпті. Бірақ оның паролі бар екен. Аша алмадық. Паролін сұрасақ, ұмытып қалдым деп, айтпай отыр. Біз енді не істей аламыз?» деді. Содан амал жоқ, Өзіңізге телефон шалып, Байғалидың айтқанын айттым. Сіз бүкіл құжатты бергеніңізді және шынында да паролін ұмытып қалғаныңызды, ал дискіні ашу қиын емес екенін, кез келген компьютерді жетік білетін маман ашып бере алатынын айттыңыз. Мен осы сөзіңізді Байғалиға қайтадан айна-қатесіз жеткіздім. Ол тағы да шоршып түсті: «Әрине, біз ашқыза аламыз, бірақ бүкіл құжат бүлініп қалады. Ал Марал Ысқақбайға керегі сол. Өйткені, онда былық көп. Егер арты таза болса, бәрін өз қолымен тапсырар еді ғой!» деді. Не айтарымды білмей, үнсіз қалдым. Жарайды, «садақа» дедім де, оны мүлде естен шығаруға тырыстым. Өйткені, дәл сол ақшаға қарап тұрған ештеңем жоқ.

Одан бері де бір ай өте шықты. Екі-үш күн алдын атақты драматург Сұлтанәлі Балғабаев телефон соғып, «Жазушылар одағындағы Драматургия кеңесінің атынан Авторлар қоғамына барып, мән-жайды біліп шығайық» деді. Барғым келмеді. Бір жағынан үлкен басын кішірейтіп өзі телефон соғып тұрған ағаның көңілін қимадым, екінші жағынан Драматургия кеңесінің төрағасының орынбасары болған соң қарсылық білдіре алмадым. Жұмысым ғой! Драматургия кеңесінің төрағасы, талантты драматург Серік Асылбек және белгілі режиссер Ерсайын Төлеубай төртеуміз Авторлар қоғамына барып, Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиевпен кездестік, сөйлестік, мән-жайға қанықтық. Олар бар кінәны Сізге артып, қоғамда жүрген кезіңіздегі бүкіл былық-шылықтарыңызды жайып салды. Төбе-шашымыз тік тұрды. Оның бәрін айтпай-ақ қояйын! Айтқым да келіп отырған жоқ. Бірақ, біраз былықтың беті ашылды. Сұлтанәлі Балғабаев ағам мүлде түңіліп кетті… Бір емес, үш қызыңызды бірдей жұмысқа алыпсыз, оларға ай сайын қомақты ақша төлеп тұрыпсыз.

2011 жылдардан бастап авторлардың ақшасын депозитке салып пайда тауыпсыз. Өзіңіздің «Ғалам мюзик» коммерциялық мекемеңізге қоғамның 108 миллион ақшасын аударып жіберіпсіз. Қайтыс болған есепшіңіз бен ол кезде қызметтен кетіп қалған Байғали Есенәлиевтің атынанан 78 миллион теңгені пайдаңызға жаратыпсыз. Ең соңында сот процесі өтіп жатқан кезде 48 миллион теңгені заңсыз жолмен тағы қымқырып кетіпсіз. Оның 3 290 490 теңгесін 109 044 теңге өсімімен қосып өзіңізге жазып алыпсыз. Ал 2 127 528 теңгесін 73 333 теңге өсімімен Айман атты қызыңызға, ал 1 182 760 теңгесін 42 225 теңге өсімімен Ардақ атты қызыңызға алып беріпсіз. Жарайды, алыңыз! Авторлардың ақшасын жинаған еңбектеріңіз бар шығар! Бірақ, неге авторларға қиянат жасайсыз? Авторлар Сіздің кесіріңізден екі-үш жылдық ақшасын әлі ала алмай жүр. Әлде өздеріңіз, алдыңыздар, болды, авторларға бас ауыртпайсыз ба?! Бұл не қылған өзімшілдік?!

Марал аға, мен енді бұл іске араласпаймын! Осы жерден тоқтаймын. Енді қалғаны Сіздің үстіңізден арыз-шағым жазып, соттасу еді. Оның маған керегі жоқ. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыныңызды Өзіңіз де білетін шығарсыз! Енді сексеннен асқан шағыңызда Сізді сотқа сүйреу ойымызда жоқ. Өйткені, бәрібір қаламдас, тағдырлас ағамызсыз! Бұл ашық хатты жазудағы бір ғана мақсатым, бәлкім райыңыздан қайтып, ұмытып қалған пароліңізді есіңізге түсіріп, айтарсыз. Ал Байғали Есенәлиев айтады, Марал ағаның ол паролді ұмытуы мүмкін емес, тіпті ұмытып қалған күннің өзінде оны есепшісі, орынбасары, қыздары біледі. Олар енді ұмытпайтын шығар. Ол кісі бұны әдейі істеп отыр. Өйткені, былық көп. Соның ізін жасыру үшін құжаттардың бәрін құрту керек болған» дейді. Бүгін ақшамызды тағы тексерттік. 150 мың түгілі, соқыр тиын жоқ. Сонда біздің ақшамыз қайда кетті?.. Осыдан екі жарым жыл бұрын біздің атымызға 150 мыңдай қаламақы түскен. Одан бері де екі жарым жылдай уақыт өтті. Ақшамыз көбеймесе, азаймауы керек еді ғой! Азаймақ түгілі, мүлде көзін құртып жіберіпсіздер!..

Ақылға келіңіз, Аға! Мені қойшы, тіпті өзімнің жеке қаламақымды аға ретінде Өзіңізге байладым, сексеннен асқан жасыңызда мінгізген атым, жапқан шапаным болсын! Оған өкінбеймін де. Бірақ, қайтыс болып кеткен замандастарыңыздың кейбір жесірлері бар екен, сол қаламақыға қарап, жандарын бағып отырған. Олар да екі-үш жылдан бері қоғамнан бір тиын ала алмай отыр. Тым құрыса сондай көмекке зәру жандарды аясаңызшы, ойласаңызшы!

Мен тек Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиевтердің айтқан сөздерінің шетжағасын ғана айтып отырмын. Бәрін айтуға арым да, қолым да бармай отыр.
Мен Сізді қатты сыйлаушы, құрметтеуші едім. Бұдан былай менен сый күтпеңіз! Бірақ жамандық та күтпеңіз! Бұрынғы сыйластығым үшін осы жерден тоқтаймын! Және бұл іске енді қайтып араласпаймын! Сіз үшін!

Бұл хатыма жауап беруге міндетті емессіз! Тек мыңдаған авторлардың алдында ұмытып қалған пароліңізді есіңізге түсіріп, айтуға міндеттісіз! Ол жауапкершіліктен қашсаңыз да құтыла алмайсыз! Былайша айтқанда қоғамның бүкіл есеп-қисап құжатын толығымен қоғамның жаңа басшыларына өткізіп, авторларға тиісті қаламақыларын алуға мүмкіндік тудырсаңыз жетіп жатыр. Әйтпесе, тарих алдында ұятқа қаласыз! Сізді сексеннен асқан жасыңызда ешкім де соттатпайды, бірақ Ар Сотынан құтыла алмайсыз! Есіміңіз тарихта жаман атпен қалуы мүмкін!
Ойланыңыз!
Аман болыңыз!
Құрметпен, бауырыңыз
Думан Рамазан
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары