$ 494.87  520.65  4.91

«Бронежилетті әкім»: Күршім ауданының әкімі соғысқа дайындалып жатқан жоқ па?

Ай мен күннің аманында аудан әкімдігі кіммен атыспақшы?

Коронавирус пандемиясы ушығып, халық дәрі таппай жатқан уақытта Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының әкімі Қажанов Дулат бронежилет сатып алған, деп жазады malim.kz сайты.

Кеше kent_vko парақшасында Күршім ауданы әкімінің аппараты 1 000 000 теңгеге бронежилет сатып алғандығы жөнінде ақпарат жарияланды. Онда пост авторы мемлекеттік сатып алулар порталындағы хабарландыруға сілтеме жасап, «аудан әкімі атысқа дайындалып жатыр ма?» деп жазды. «Ай мен күннің аманында аудан әкімдігі кіммен атыспақшы?» деген сұрақ біздің де қызығушылығымызды оятты. Осыдан кейін, біз де мемлекеттік сатып алулар порталына кіріп, ақпараттың растығына көз жеткізуді жөн көрдік.


 
 Мемлекеттік сатып алулар порталында Күршім ауданы әкімінің аппараты 2020 ж. 07. 23 мен 2020 ж. 07. 30 аралығында шын мәнінде 1 000 000 теңгеге 20 дана бронежилет сатып алғаны жөнінде хабарландыру жарияланған. Аталмыш мемелекеттік сатып алудың «№4675664-ЗЦП1 қорытынды хаттамасында» №32987812-ЗЦП2 лотты  «DJ Invest» компаниясы жеңіп алғаны жөнінде айтылған. «DJ Invest»-тен бөлек, лотқа «ЖК Интымакова Б.Ж», «SYNERGY INC» ЖШС және «TEST» ЖШС компаниялары қатысқан. Соңғысы екінші орын алған.

Порталда «DJ Invest»-тің басшысы Жинтимирова Жанар Тулеповна, компания мекенжайы Алматы қаласы, Розыбакиев 117/21 деп көрсетілген.

«DJ Invest» бұған дейін мемлекеттік сатып алуларға бірнеше рет қатысқан. Оның қызмет көрсету аясы алуан түрлі. Ол «мүгедектерге арналған коляска-креслодан» бастап, «өрт сөндіргіш», «трамвайларға арналған қосалқы бөлшектерге» дейінгі аралықтағы лоттарға қатысқан. Және барлығында жеңіске жеткен.

Күшім ауданының әкімі коронавирус пандемиясы өршіп, дәрі таппай, не істерін білмеген халықты індеттен бронежилет алу арқылы қорғаймын деді ме, жоқ әлде вируспен соғысқа осылайша дайындалды ма бізге әзірге белгісіз. Кейде «әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта шекаралық ауданды басқару қауіпті болғасын, әкім ешнәрсеге қарамастан, бірден 20 дана бронежилет алды ма екен» деген де ой келеді миымызға. Әрине, бұның барлығы жай ой ғана. Неде болса, 2020 жылдың шілдесінен бері Күршім ауданында бронежилеті асынған 20 адам бар…

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары