25.02.2021, 14:20

Президент жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғау мәселесін көтерді

Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдер қолдану қажет деп есептейді.

Балаларды құмар ойындарға тартқан заңды тұлғалар лицензиясынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Соңғы кезде жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік белең алды. Бұл кеселден құмарпаздардың өздері ғана емес, олардың отбасы, туыстары мен жақындары зардап шегеді. Жасөспірімдер заманауи технологияларлың ықпалымен құмар ойындарына оңай шырмалатын болды. Букмекерлер мен казинолар интернетте толассыз жарнама жасап, жұртты еріксіз еліктіруде. Мемекет бұған шектеу қою үшін бірқатар маңызды шара қабылдады. Бірақ бұл шаралар, әрине, жеткіліксіз", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президент жас ұрпақты құмар ойынның зиянды ықпалынан жан-жақты қорғау қажет екенін айтты. Мәселені шешу үшін жаңа тәсілдер қолдану қажет деп есептейді.  

"Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз", - деді ол.

Айтуынша, қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 АЕК көлемінде ғана айыппұл салынады. Президент шетелдіктерді ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салуды тапсырды.

Тоқаев құмар ойындарына тосқауыл қою үшін заңнамалық шаралармен  шектеліп қалуға болмайтынын айтты.

Ол заңсыз ойын бизнесімен күресу үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек деп санайды. Бұл міндетті орындауға құзырлы органдар белсенді атсалысуы керек.