Белгілі жазушы Аягүл Мантай өзінің facebook парақшасында қазақ қоғамын алаңдатып отырған тіл, жер мәселесіне қабырғасы қайысып тағы бір пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өз жазбасында Ая Мантайқызы тәуелсіз қазақ елінде қазақ тілінің мәселесі көтерілмеуі тиіс еді деп санайтынын айтқан.
«Қазақстанда тіл мәселесін талқылау - біздің қасіретіміз, ұлттың қасіреті. Шындығында, ұлт боп қалыптасқан елде мұндай мәселе талқыланбау керек», - дейді Ая Мантай.
Сондай-ақ ол жер сату мәселесіне де алаңдаушылық білдірген.
«Билігі орыстілді, билігі халыққа жақын емес елде тіл мәселесі - көкпар тартыс секілді.
«Жер сатылады, жер сатылмайды» деген тақырыпта сөз болмауға тиіс. «Жер сатылмайтын болды" деп қуану да - біздің қасіретіміз. Себебі, мұндай мәселе ешқашан талқыланбау керек. Менің түсінігімде, ұлт боп, мемлекет боп қалыптасқан елде жер сатылмау керек, жер сатылу туралы ешқашан сөз болмауы керек.
Латын әліпбиінің бітпейтін «жыры» да шаршатты...
Қоғамда ешқашан талқыланбауға тиіс нәрсеге қанша қаржы бөліп, бос мылжыңмен қанша жиналыс өткіздіңдер?
Құдай-ау, «қазақ тілі» деп жүріп, «қазақ тілін дамытып жатырмыз» деп бюджеттің қанша ақшасын жедіңдер?
«Жер сатылады, сатылмайды» деп осы күнге дейін қанша жиын өткіздіңдер? Оған қанша ақша кетті?
Тоқтасаңдаршы, тоқтатсаңдаршы... Сендердің басқа жұмыстарың жоқ па? Нақты жұмыспен айналыссаңдаршы.
«Қатира тойға жаңа көйлек алатын болды, жоқ, Қатира тойға бұрынғы көйлегін киетін болды» деген ауылдың әйелдерінен сендердің айырмашылықтарың қалды ма?
Құдай-ау, экономиканы, халықтың әлеуметтік тұрмысын көтерсеңдерші.
Халықты шаршатып, қажытып жібердіңдер...
Әлде біз әлі ұлт боп, мемлекет боп қалыптаспадық па?
Ұлт боп қалыптассақ мынандай бассыздыққа, отыз жыл ертегісі бітпеген, диктанттан көп қате жіберетін оқушы кейпіндегі билікке жол бермеуші едік қой» , - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.