Қоғам белсендісі әрі Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңестің мүшесі Ауыт Мұқибек өзінің facebook парақшасында қазақ-қытай мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, біраз адам Алматыдағы Қытай консулдығының алдында бір айдан бері қамауға алынған туыстарын босатуды сұрап, наразылық шеруін өткізіп жатыр. Алайда қытай елшілігі наразылардың сөзін тыңдағанның орнына әр түрлі құрылғылар орнатып, жағымсыз дыбыстар жіберіп, онсызда жұқарып кеткен жүйкелеріне тиюде.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!
Қытай билігі жағынан Шыңжаңда жазықсыз сотталған, үй қамағына алынған және Қазақстандағы туыстарына қосылуына түрлі кедергілер жасалып отырған этникалық қазақтардың Қазақстандағы бір топ жақын туыстарының оларды жоқтап, Алматыдағы Қытай консулдығының алдында наразылық танытып жатқанына бір айға жуықтады.
Наразылық акциясын өткізіп жатқан азаматтардың басым бөлігі аналар. Олардың алды жетпіс жастан асып кеткен әжерлер екен. Көбінің асыраушысы Қытай қысымына ұшырап, жазықсыз жазаға тартылғандығы себепті, олардың әлеуметтік жағдай да нашарлап кеткені айтылуда. Ауа арайының қолайсыздығына байланысты, қатты азап тартуда», - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.
Сонымен қатар ол қытай елшілігі наразылардың сөзін тыңдағанның орнына әр түрлі құрылғылар орнатып, жағымсыз дыбыстар жіберіп, онсызда жұқарып кеткен жүйкелеріне тиіп жатқанын айтқан.
«Одан да сорақысы, Қытай консулдығы олар отырған жерге құрылғылар орнатып, жағымсыз дыбыстар жіберіп, онсызда жұқарып кеткен жүйкелеріне тиюде. Интернет желісін бұғаттайтын құрылғы қойып, құқықтарын таптауда. Интернет байланысын тосуға арналған құрылғыдан таралатын электромагниттік интерференция олардың денсаулығына орасан зор нұқсан келтіруде. Соның әсерінен, соңғы күндері наразылыққа шыққан аналар есінен танып құлай бастағаны белгілі болды. Қысқасы туыстарынан тірі айырылған қазақстандық қандастарымыздың өміріне де қауіп төне бастады.
Мұндай құрылғылар мен жүйкеге тиетін жағымсыз, шуы көп дыбыстардың Шыңжаңдағы аталмыш «Саяси үйрену» дейтін лагерде отырып шыққан қандастарымыздың бәрі айтып келгені белгілі.
Демек, Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтарға жасаған геноцитті стратегиялық әріптес, тату көрші, мәңгілік дос ел Қазақстан Республикасының Алматы қаласында да жалғастырып жатыр!
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Бұл жағдай бізді қатты алаңдатуда. Бізді ғана емес, халықаралық адам құқытарын қорғау ұйымдарының да тынышын кетіруде. Тек, үнсіз отырған Қазақ үкіметі ғана секілді болып сезілуде маған.
Осы мәселеге байланысты, Сізден, Бірінші, батыл қадамдар жасап, Қытай билігімен келісе отырып, бұл мәселені шешуді, керек болса, екі елдің түрлі жақтардағы байланысын үзе тұруды;
Екінші, Қытай консулдығы алдында айға жуық тұрған аналарға әлеуметтік, медициналық және психологиялык жақтан жәрдем беретін Үкіметтік деңгейде көмек беру пакетін дайындауға ықпал етуіңізді сұраймын», - деп атап өткен жазба авторы.