05.03.2021, 17:40

Қарағанды облысында жол апатынан үш адам қайтыс болды

Фото: ашық дереккөзі
Жол апаты кезінде автобуста төрт жолаушы болған.

Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы кентінің маңында «Газель» мен қалааралық автобус соқтығысты. Жарақат алған үш адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

5 наурызда түнгі сағат 1-лер шамасында Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы кентінен 30 шақырым қашықта «Алматы-Екатеринбург» автожолында «Газель» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, «Тараз-Нұр-Сұлтан» бағытымен келе жатқан 56 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «VAN HOOL» маркалы автобуспен соқтығысқан. «Жол апаты салдарынан «Газель» автокөлігінің жүргізушісі мен 24 жастағы жолаушысы, сондай-ақ 37 жастағы автобустың екінші жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Жол апаты кезінде автобуста төрт жолаушы болған», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізіліп жатыр.

Қарағанды облысының полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін сақтауды және жылдамдықты асырмауды ескертеді.