АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік стратегиясына байланысты құжат жарияланды. Құжатта Ресей «халықаралық аренадағы тұрақсыздандырушы», ал Қытай Америка үшін «қауіпті әрі жетекші қарсылас» ретінде көрсетілген, деп жазады qazaqtimes.com
Қауіпсіздік стратегиясы жарияланған соң мемлекеттік департаменттің өкілі Нед Прайстың мәлімдемесінде: «Қытай – біздің негізгі бәсекелесіміз. Қытай біз үшін XXI ғасырдағы басты геосаяси қарсылас саналады. Басқа мемлекеттермен, әсіресе Ресеймен салыстырғанда Қытайдан төнетін қауіп жоғары. Ресей аймақтардағы ықпалын қамтамасыз етуге тырысады. Алайда, Ресей Қытай сияқты әлеуетке, мүмкіндіктерге ие емес», – деді.
Байден әкімшілігі басты қарсылас саналатын мемлекеттер қатарында Иран мен Солтүстік Кореяны да атаған. Бірақ «бұл мемлекеттерден төнетін қауіптен Қытай қаупі басым» – делінген құжатта. Стратегия туралы құжатта барған сайын авторитаризмнің әлемде трендке айналып, ауқымы ұлғайғаны және демократияға қауіп төндіріп жатқаны айтылған. Сонымен қатар, демократиялық нормалар мен оған негізделген халықаралық тәртіпті қорғау қажеттілігі баяндалған. Стратегияда Еуропа пен Азия елдерімен одақтық қарым-қатынасты дамытудың маңыздылығы бірнеше рет атап өтіледі. АҚШ тарапы Қытай мен Ресейдегі адам құқықтары мәселесін жиі көтеріп келеді. 17 ақпанда Байден Қытай билігінің Шыңжаңдағы әрекетін айыптап, адам құқықтарын бұзуы жауапсыз қалмайтынын ескерткен. Сол күні Байден мәлімдемесінде: «Мен ББҰ-да және өзге де халықаралық ұйымдармен адам құқықтарын қорғауды жалғастырамын. Қазір Қытай әлемдік көшбасшы болуға тырысады. Бұл атаққа ие болу үшін басқа мемлекеттердің сеніміне ие болуы керек. Ал Қытай билігі адам құқықтарын өресел бұзып келеді. Мұның жауапсыз қалмайтынын ескертемін. Ши Жиң Пиң бұл әрекеттің қандай нәтиже беретінін жақсы біледі», – деді. 2018 жылдың тамызында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілдері Шыңжаңдағы түзету лагерлерінде 1 млн-ға жуық мұсылманжардың заңсыз ұсталғанын және адам құқықтарының тапталғанын мәлімдеді. Басқарма бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, осы аймаққа бақылаушылар жіберуді ұсынды. Қытай билігі Шыңжаңда пенитенциарлық мекемелердің ауқымды желісін құру туралы ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңында олар өңірде білім беру және кәсіптік даярлау орталықтары жұмыс істейтінін хабарлаған. Қытай шенеуніктерінің мәлімдеуінше, онда терроризм мен экстремизм идеяларының ықпалына түскен, қытай тілін, жазу негіздерін, коммуникативтік дағдыларды және ҚХР заңнамасының негіздерін оқитын адамдар бар. Бұл орталықтардағы адамдардың нақты санын Қытай билігі жасырын ұстап отыр. Ал 3 наурызда АҚШ Навальный ісіне байланысты Ресейге қарсы санкция енгізіп, экономика, қорғаныс саласында көмек көрсету бағдарламаларын тоқтатты. Санкция 1991 жылы қабылданған «Химиялық және биологиялық қаруды бақылау және оны қолдануға тыйым салу туралы» заң аясында жүзеге асып отыр. Санкциядан кейін Ресейге шетелдік әскери қаржыландыруды көздейтін АҚШ-тың барлық бағдарламсы күшін жойды. Вашингтон, сонымен бірге, Мәскеуге АҚШ үкіметінің министрліктері мен басқармалары, оның ішінде экспорт-импорт банкі арқылы несие немесе басқа қаржылық көмек беруден де бас тартады. Америкадан Ресейге «Ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды тауарлар мен технологияларды экспорттауға» да шектеулер енгізілуде.