$ 449.58  486.94  4.86

«Талай бейбақтың асылып өлуіне себеп болған оңбаған букмекерлік компанияларды түбімен жою керек» - журналист

Неге оларға лицензия беріп тайраңдатып қойғанына таң қаламын.
фото: newtimes.kz
фото: newtimes.kz

Белгілі журналист Кенжегүл Тергембаева еліміздегі букмекерлік компаниялардың зиянын айтып дабыл қақты деп, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналистің айтуынша, осындай кесірлі компаниялардың кесірінен қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, қиындыққа тап болып жатыр. Тіптен қарызға батып, ақырында өзіне қол жұмсап жатқандар да бар. 

«Астанадағы Манас және Құдайбердіұлы көшесінің қиылысында Орталық дәріхана бар. Дәріхана ғимаратының оң жақ бүйірінде орналасқан "ОЛИМП" деген букмекерлік контораны көріп жыным ойнап жүретін. Осы жолы барсам, компанияның атауын алып тастап, орнына "Биллиярд клубын" ашып қойыпты. Қаншама шаңырақты ортасына түсірген, қаншама жанды алаяқтыққа итермелеп түрмеге тоғытқан, талай бейбақтың асылып өлуіне себеп болған ОҢБАҒАН БУКМЕКЕРЛІК КОМПАНИЯЛАРДЫ ТҮБІМЕН ЖОЮ КЕРЕК деп есептеймін! 

Неге оларға лицензия беріп тайраңдатып қойғанына таң қаламын. Кезінде казино ойындарына тыйым салып, шетке қуғанын білеміз. Ал мынау "ресми казинолардың" (букмекерлік компанияларды айтамын) артында кім тұр?! Кім халықтың көзінен қан ағызып ақша жасап жатыр?! Жалғыз үйін, жалғыз көлігін салып көшеде қалғандардың обалы кімге?!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол тіптен қарызға батып, ақырында өзіне қол жұмсап жатқандар да бар екенін жазған.

«Өткенде бір әйел хабарласып, жан жүрегі езіліп тұрып жылаған. Жалғыз ұлы осындай бәлеге ұрынып, айрандай ұйыған отбасының ойраны шыққан, қарызға белшесінен батқан соң баспанасы мен көлігін салған, соңынан қомақты қарыз бергендер полицияға шағымданған. Салдарынан ол сотталып, қасындағы азартқа бірге кірген досы асылып өлген. Бұл мыңнан бір мысал. Ал, еліміз бойынша осыған ұқсас қанша жағдай орын алып жатыр. Бұл ҚАСІРЕТТІ ТОҚТАТАТЫН ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАН БАР МА?!», - деп атап өткен жазба авторы. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары