Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов қос азаматтығы анықталған жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұмыстан шығаруды ұсынды.
Депутат Еңбек кодексі мен "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға енгізілген түзетулер құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолданылмайтынын атап өтті. Олардың салалық заңдарында мұндай нормалар мүлдем жоқ.
"Біздіңше, қабылданған шаралар одан әрі жүйелі және дәйекті дамытуды қажет етеді. Сонымен қатар, еліміздің құқық қорғау қызметі туралы, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі, арнаулы мемлекеттік органдар туралы салалық заңдарда қызметкерде шет мемлекеттің азаматтығының болуы жұмыстан шығару үшін дербес негіз ретінде қаралмайды", – деді Нұрсипатов ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдаған депутаттық сауалында.
Сенатор құқық қорғау органдарының қызметкері өзі не оның отбасы мүшелері өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдауға ниет білдірген кезден бастап өз басшылығын хабардар етуі тиіс екенін айтты.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметтің ерекше түрінде қызмет ететін адамдардың шет мемлекетте тұруға ықтиярхатын алуға тыйым салуды ұсынды.
Осы орайда, депутат қос азаматтықты болдырмау үшін тек мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде ғана емес, жұмыс істеп жүрген кезде де арнайы тексеріс жүргізу қажет деп есептейді.