Шымкентттегі жарты миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған наурыз тойына қатысты шу әзір басылмайтын түрі бар. Шыңғыс Мұқан бастаған өңір шенеуніктері «Шымқаладағы шырайлы наурыз тойына ел айтып жүргендей, қыруар қаржы бөлінді деген ақпарат шындыққа жанаспайды» деп шыр-пыр болып, блогер жалдап, ақталып әлек болуда. Алайда, кейбір қоғам белсенділері олардың сөзін жоққа шығарып, қыруар қаржының желге ұшқанын нақты құжаттармен дәлелдеп беріп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Белгілі заңгер Айгүл Орынбек бүгін осы мәселеге қатысты бір емес бірнеше пост жариялаған. Заңгердің айтуынша, Наурыз айындағы іс -шараларға 565 емес тіптен 595 миллион теңге шығын болған. Оның 30 миллионы Мұзарттың 20 жылдығын атап өтуге жұмсалған. Тек халық шаппай шулай бастаған соң, шымкенттік шенділер өздерінің қателіктерін жасыруға көшкен.
«Арттарын тазалауды бастады!
Кеше мемлекеттік сатып алу порталында тұрған МұзАрт концертіне сұралған қаражат бүгін алынған.
Яғни енді халық шулаған соң, өздерінің жасаған қателіктерін жою іс әрекеттерін жасай бастайды.
Сәкен ағаны да, Шыңғысты да жеке танимын. Ол кісілердің жеке өмірлеріне қол сұғып жатқаным жоқ! Мемлекеттік қызметке келген соң, бюджет халық қазынасы халықтың алдында есеп берілу керек!
Той тойлауға ешкім қарсы емес, індет өршіп тұрғанда сайран сауық құрып жүрген дұрыс емес екенін жеткізу менің мақсатым!
Індет жоқ, баз баяғы мамыражай кезең болған да маған да десе неге бүкіл қазынадағы қаржыны төгіп тойламасқа!
Қарапайым халық қәзір той тойлайтын жағдайда емес екенін көріп тұрып, үлкен сомманы тойға шашу бұл енді басыну!
Әкімдік Мемлекеттің жергілікті жердегі басқарушы органы болып табылады. Яғни өздері жергілікті халыққа өнеге болу керек», - деп атап өткен ол өзінің кезекті жазбасында.
Сонымен қатар ол карантин деген желеумен кәсіпкерлердің әр қадамын аңдып отырған құзырлы органдардың мұндай бассыздыққа келгенде көз жұма қарап отырғанына ренішін білдірген.
«Тойханасы бар, той жасап жатқан кәсіпкерлерге аямай айыппұл төлетіп, өздері он күн той жасап концерт бергендері бұл қылмыспен пара пар!
Ел үшін деп қызметке келдіңіздер ме, елмен де санасып жүрген дұрыс болады...
Қателіктеріңізді мойындамай салғыласқан сайын, өздеріңіздің өтіріктеріңіз ашыла беретінін де ескертіп қояйын!
Халықты алдағандарыңызбен, мемлекеттік сатып алу порталында өздеріңіз енгізген ақпараттарды, сессияда депуттаттардың алдында сөйлеген сөздеріңізді жоққа шығара алмайсыздар!», - деп атап өткен.
Сөзіне дәләл ретінде тағы бір жазбасында Мәдениет басқармасынының басшысы Ханзада ханымның наурыз мейрамына қатысты есеп-қисап беріп тұрған бейне жазбасын келтірген. Әрі Мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми мәліметтерді жоққа шығару мүмкін емес екенін айтқан.
Бұл жазбада Ханзада ханымның Наурыз тойына 572 миллион теңге қаражат керек екенін, сонымен қатар, келетін қонақтардың қонақ үйі, жүріс тұрысы, машина, самолеттарына дейін, тіпті жюрилердің Асанәлі Әшімовтың гонорарына дейін ақша беретінін ашық айтып тұрғанын байқауға болады.