$ 498.34  519.72  4.85

«Ахметжан Есімов зейнетке кеткелі жатыр» - дерек көзі

Дерек көзінің айтуынша, 29 наурызда күні мемлекет басшылығы Есімовті алғыс айтып, шығарып салмақ.
фото: rusrepublic.com
фото: rusrepublic.com

Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Ахметжан Есімов наурыздың 29-ы күні қызметінен босатылып, зейнетке шығады. Бұл жөнінде КазТАГ басылымы хабарлады, деп жазады Мәлім.кз порталы.

Басылым мәліметінше, 29 наурызда Ахметжан Есімов зейнетке шығып, оның орнына келетін жаңа төраға елге таныстырылады. КазТАГ-тың қаржы саласындағы дерек көзінің айтуынша, дәл осы күні мемлекет басшылығы Есімовқа алғыс айтып, шығарып салмақ. Ол осы уақытқа дейін басшылықтан қызметтен босатуларын сұраған.

«29 наурызда Есімовті зейнетке шығарып салу шарасы өтеді. Оған мемлекет басшылығы алғыс айтады. Есімов демалысқа кетуді бұрынан сұрап жүрген. Бірақ басшылық коронавирус мәселесін шешу кезінде жұмыс істей тұруын сұраған. Осы жиын барысында қордың жаңа төрағасы таныстырылады», – деген дерек көз сөзін жариялады басылым.

Бұған дейін, наурыздың 20-ы күні әлеуметтік желіде Ахметжан Есімовтің қызметінен босатылғаны жөніндегі қаулы көшірмесі жарияланған. Онда Есімовтің «уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты қызметтен босатылғаны» жөнінде, оның орнына «Алмасадам Сатқалиев төраға қызметін атқаратыны» жөнінде айтылған.

Ахметжан Есімов 15 желтоқсанда 70-ке толған. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі және саясаттағы ескі гвардия өкілдерінің қатарына кіреді.

Ахметжан Есімов Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы болып 2017 жылы тағайындалған. Оған дейін «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ басқарма төрағасы, Алматы қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

Есімов Алматы қаласының әкімі болып тұрған уақытта «Тәуелсіздік күні қалада болмаймын», «тауға тікұшақпен шығып, шаңғымен түсеміз», «әйелімнің үйінде тұрып жатырмын» деген сөздерімен ел есінде қалған.

Алмасадам Сатқалиев 2018 жылы Самұрық-Қазына әл-ауқат қорының Активтерді басқару және жекешелендіру басқармасының директоры болып тағайындалған. Бұған дейін «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары