Қазақстандық саясаттанушы Қазбек Майгелдинов митинг кезінде жиі көтерілетін синофобия мәселесі жайлы пікір білдірді. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Саясаттанушы синофобия жайлы жиі келтірілетін фактілерді тізіп шықты. Айтуынша, олар негізделмеген, құрғақ. "Қытай еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру үшін мүмкіндіктер ашады. Мәселен, QazTrade деректері бойынша, Қазақстаннан Қытайға экспорт 2020 жылдың 1 тоқсанында 20,2% - ға өсті (бір жылда орташа есеппен 14% - ға өсті). Керісінше, көршілес мемлекеттердің экспорты еке есеге дейін төмендеген. Яғни қазақстандық өнімдер бәсекеге қабылеттілігін көрсетуде. Бұл да мүмкіндік", - дейді ол. Сондай-ақ, Қытай жаңа технологияларды импорттаушы бола алады деген пікірге қатысты саясаттанушы өз ойын айтты. "Мәселен, жасанды интеллект технологияларының даму деңгейі бойынша Қытай бүгінде АҚШ-тан кейін екінші орында тұр, ал он жылдан кейін ол осы салада сөзсіз әлемдік көшбасшы болуға ниетті. Цифрлық заманда алыстан көмек іздегенше, жақыннан неге алмасқа? Сондай-ақ, ҚР экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту және тиімді пайдалану объективті қажетті процесс болып табылады. Бұл ретте Қытай ірі инвесторлар арасында тек 4-орында тұр. Тіпті мемлекеттік қарыз мәселесі бойынша алдыңғы қатар Еуропа елдері тұр. Десек те еурофобия бізде жоқ", - дейді саясаттанушы. Оның пікірінше, қоғамда қиялды синофобияны одан әрі дамытатын болсақ, басқа елдер бұл жағдайды қолдана береді. "Мысалы, көрші өзбек ағайындар қазірдің өзінде әлемдегі екінші экономикамен ынтымақтастық бойынша көптеген бағыттар бойынша күш салуда. Жақында Өзбекстан «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржолының жекелеген учаскелерін жобалауға және салуға қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Басқаша айтқанда, Қазақстандық Қорғасқа бәсекелес құрылады. "Қорқақтың көзі үлкен, ақымақтың сөзі үлкен" демекші, қазір барынша мүмкіндіктерді пайдаланып, өз әлеуетімізді арттыруға әрекет жасамасақ, ертең көш соңында қала бермекпіз", - дейді ол.