Орта салмақтағы белгілі қазақстандық боксшы Қанат Исламды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеуге шақырған деп хабарлайды Dalainform сайты.
Қытайдан тарихи атажұртына көшіп келген отандық спортшымен бірге басқа да боксшылардың аты аталуда.
Бұған 2017 жылдың 9 қыркүйегі «EXPO-2017» халықаралық көрмесі аясында өткен бокс кеші себеп болуда. Ол кезде Қанаттың канадалық Брэндон Кукпен жұдырықтасу нәтижесінде «WBA Inter-Continental» және «WBO NABO» нұсқалары бойынша намысын қорғап қалғаны белгілі. Бұл күні шаршы алаңға Жаңқош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Руслан Мырсатаев, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы және Нұрсұлтан Жаңабаев сынды өзге де кәсіби спорт иелері көтерілгені аян.
Енді, міне, бірнеше жыл өткен соң Жемқорлыққа қарсы қызмет іс қозғап отыр. Себебі Қанат Ислам негізін қалаған «Qazaq promotions» проумотерлік компаниясы ұйымдастырып, «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры демеушілік танытқан бокс кешіне арналған қаржы ұрланып, белгілі бір бөлігі бекер жұмсалуы мүмкін.
«Антикор» өкілдері куәгер ретіндегі барлық боксшылардан сыйақы туралы сұрақ қойған.
«Qazaq promotions» компаниясының бұрынғы директоры Қайрат Жайлаубаевтың сөзіне қарағанда, бастапқыда бөлінген қаражат, яғни 73 миллион теңге тек боксшылар мен олардың команда мүшелерінің жүріп-тұруы мен тамағына жеткен. Кейінірек «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» ақшаның орнына зат беріп құтылған. Қалған шығынды белді кәсіпкер, спорт жанашыры Бауыржан Оспанов жапқан.
«Бауыржан Оспанов бізді құтқарып, абыройды сақтады. Бір білетінім, Қанат Ислам ондағы жекпе-жегі үшін ештеңе алған жоқ», – дейді Қайрат Жайлаубаев.
Осылайша Жемқорлыққа қарсы қызметте тиісті іс-қимыл күдік тудырып, тексеріске кіріскен.
Соңғы АҚШ жерінде өткен бақ сынауында Қанаттың жейдесінде «Turan promotions» деген жазу болған, яғни бүгінгі таңда «Qazaq promotions» жойылса керек.