«Қазақтың соңғы ханы Кенесарының басы табылыпты» деп күллі Алаш баласын қуантып жатқан ақжолтай жаңалықтың ғұмыры ұзаққа бармайтын секілді. Кейбір ұлт зиялылары Хан кененің басы табылыпты деген ақпаратқа сенімсіздік білдіріп жатыр. Мәселен, белгілі жазушы Думан Рамазан бұл жаңалықтың саясат үшін жасалып жатқан кезекті ойындардың бірі екенін айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жазушының айтуына сенсек, Кенесары ханның басы түгілі денесі де табылған жоқ. Осылай деп атап өткен жазушы өзі куә болған бір жайтты оқырман назарына ұсынған.
«Осыдан тура жиырма бір жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде Кенесары ханның дене сүйегі мен бас сүйегін тауып, туған жеріне алып келіп, арулап жерлеу туралы мәселе көтеріп едім. Қырғызстан мен Ресейге жоралғылы жорықтар ұйымдастырғанымыз елдің есінде шығар. Жақында Кенесары ханның бас сүйегі елге әкелінетіні туралы хабарлар әлеуметтік желілерде желдей есті. Ал өз басым оған онша сенбеймін. Енді неге сенбейтінімді айтайын.
Біз жоралғылы жорықтарды екі жылға жуық жалғастырдық. Өкінішке орай, ханның дене сүйегін де, бас сүйегін де таппадық. Кейкі батырдың бас сүйегін ғана тауып, бүкіл құжаттарымен қоса жарияладық. Содан мені бір күні бір үлкен лауазымды шенеунік Астанаға шақырды. Бардым. Жоралғылы жорықтарымыз туралы асықпай сұрады. Мен егжей-тегжейлі бәрін айтып бердім. Бір кезде көзіме тура қарап:
– Думан, ханның дене сүйегі мен бас сүйегін алып келсек қайтеді? – деді маңғазданып. – Жоқ болса, қалай алып келеміз? – дедім түк түсінбей. – Қолдан жасаймыз! Ханның дене сүйегі деп қырғыз жерінен кез келген басы жоқ сүйекті қазып алып келеміз. Бас сүйегін де солай істейміз! – деп қарап тұр. Шошып кеттім. Түрім де бұзылып кетті. – Болмайды! – дедім бірден кесіп айтып. – Неге болмайды! Ханның рухы қайтып оралса болды емес пе? – деді ол да өршелене түсіп. – Олай ханның рухын оралта алмайсыздар! Қайта Хан Кененің әруағын мазақ қыласыздар! Қорлайсыздар! – дедім жаным шығып кете жаздап.
Ол енді мені басқаша көндіргісі келді.
– Кенесары ханның дене сүйегі мен бас сүйегін тапты деп кеудеңе орден тағамыз, атақ береміз! Айың оңынан туады. Ұлттық батыр болып шыға келесің! – деді шімірікпей. – Ондай жалған атақтың маған керегі жоқ! – дедім тағы кесіп айтып. – Бұндай өтірік, жалған дүние міндетті түрде ертең әшкере болады. Сонда менің сүйегіме мәңгі өшпейтін қара таңба түседі. Сондықтан кеудеме орден тағып, атақ бермек түгіл, басымды кесіп алсаңыздар да, бұндай жалғандыққа бара алмаймын! Бұған түбегейлі қарсымын! – дедім.
Ол қарасұрланып, түтігіп кетті. – Жақсы! Бара бер! – деді ыздиып.
Теріс бұрылып, шығып кеттім. Артымнан көк желкемді тесіп өтердей көздің сұғын сезіндім» - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Автор сонымен қатар, «Ханның басы табылды» деген ақпараттың осындай кезекті жалғандықтың бірі болуы мүмкін екенін айтқан.
«Өкінішке орай көп ұзамай олар ойларына алғандарын жасады. Ханның сүйегі деп басы жоқ бір сүйекті қырғыз жерінен қазып әкелді де, ың-шыңсыз жерлей салды. Бір алаяқ көріпкелдің айтуымен... Масқара болды... Ешқандай зерттеу жүргізілген жоқ. ДНК жасалған жоқ. Бұл ғасырдың қателігі болды.
Әрине, шынымен Кенесары ханның бас сүйегі табылып, туған топырағына тапсырылса, қуанар едім ғой! Ал саясат үшін жаңағындай жалғандықтарға баруға өз басым мүлде қарсымын! Мен принциптің адамымын. Ондай лас ойындарға ешкім де көндіре алмайды», - деп атап өткен жазба авторы.