$ 494.87  520.65  4.91

«Міндетті түрде адам өлімі болу керек пе?»: депутаттар Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын сынға алды

Жергілікті тұрғындар дәрменсіз күйде, еңбекпен тапқан дүние-мүлкінен айрыламыз ба деп қатты алаңдауда.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Бүгін Мәжілістің бір топ депутаты Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын сынап, біраз былықтың ашып тастады. Олардың айтуынша, су тасқыны деген желеумен қазынадан қыруар қаржы бөлінеді екен. Әрі бұл қаржы көлемі да жылдан жылға өсіп келеді. Бірақ одан еш нәтиже болмай отыр. «Баяғы жартас – сол жартас» демекші, көктем келіп күн жылысымен біраз елді-мекендер су астында қалып жатады, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Депутат Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, соңғы бес жылда Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарын қосқанда барлығы 272 елді мекенді су басыпты.
«Бұл өңірдегі тұрғындар жыл сайын су тасқынының құрбаны болып отыр. Ал кеше елорда мен оның маңы тасқын судан зардап шекті. Астана қаласындағы «Есіл» тұрғын үй кешенінің жертөлесі мен көлікжайы суға толды. Төтенше жағдайлар министрлігі елорда іргесіндегі Қоянды кентін су тасқынынан құтқару үшін шұғыл аттануға мәжбүр болды. 

Біздің партияның өкілдері тасқын судың астында қалған Қараөткел (Ильинка) ауылына барып,  су тасқынының зардабын өз көзімен көрді. Жергілікті тұрғындар дәрменсіз күйде, еңбекпен тапқан дүние-мүлкінен айрыламыз ба деп қатты алаңдауда. Елді мекендерді, мал-мүлікті су басып, бүкіл елді су тасқыны жайлаған кезде сусорғымен арпалысқанша, осы апаттың алдын алып, су тасқынын болдырмаудың амалын қарастырған жөн емес пе?!», - дейді Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.

Сонымен қатар ол су тасқынына бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалғанын алаңдаушылық білдірген.

«2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қатерінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасына 42 миллиард теңге бөлінсе, 2020-2023 жылдарға арналған осыған ұқсас жол картасына бөлінген қаржы 160 миллиард теңгеге жетті. Осыдан келіп нәтиже қайда деген сұрақ туындайды. Әдетте, төтенше жағдайлар министрлігі алдымен жағдайдың тұрақты екенін және су тасқынына дайын екенін мәлімдейді. Ал көктемде еліміздің жүздеген елді мекені су астында қалады. Тасқын су тұрғын үйлерге, аулалар мен көшелерге құйылады, автомобиль жолдарын су басып, инфрақұрылым бұзылады, тұрғындар қауіпті ауданнан шұғыл көшіріледі. Міне, бұл жағдай жыл сайын осылай қайталана береді.

Неліктен бағдарламалық құжаттарға енген іс-шаралар кейіннен «тиімсіз» болып шығады? Ал осы «тиімсіз іс-шараларға» кеткен бюджеттің қаражатына кім жауапты болады? Қалайша бізге Қызылағаш пен Көкпекті трагедиясы сабақ болмайды? Тасқынның алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдау керек екенін түсіну үшін міндетті түрде қайтадан адам өлімі болу керек пе?», – дейді Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.

Осылай деп атап өткен ол үкіметтен 2017-2020 жылдарға арналған жол картасын орындауға жауапты басшылар мен оны орындамаған тұлғалардың ешқандай жауапқа тартымай отырғанын айтып ол премьер-министр орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауал жолдады. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары