АҚШ және ЕО елдерінің Ресейге қатысты қатаң саясаты мен төпеленіп жатқан санкцияларынан кейін Еуразиялық одақтан шығу қажет дейтіндердің қатары көбейіп барады. Бұрындары бұл мәселе жекелеген қоғам белсенділері мен экономистер тарапынан ғана айтылып келсе, кейінгі уақыттарда биліктің жоғары мінберінен де естіліп қалып жатыр. Мәселен, жақында ғана Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың өзі экономикалық одаққа қатысты біраз қиындықтардың бар екенін айтып өтті. Қысқасы, ЕАЭО қазақ үшін үлкен сор болып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz https://sn.kz ақпарат порталы.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақ елі бұл одақтан тек қана шығын көріп келеді. Нақты айтар болсақ, Ресей экономикалық одақты желеу етіп, Қазақстанды сүлікше сорып отыр деуге болады. Журналист Нұргелді Әбдіғанидың жазуынша, осындай жолмен Ресей АҚШ санкцияларынан аман қалып келеді.
«Ресей АҚШ-тың ауыр санкциясының төпесінің астында қалды. Байден Ресейдің тыңшы дипломаттарын елден қуып қана жатқан жоқ. Ондаған компаниясына, сыртқы қарызына да санкция салды. Оның әсері әлден рубльге әсер етіп, орыс ақшасы құнсыздана бастады. Мойындау керекпіз, саясатымыз ғана емес, теңгеміз де Ресейге байлаулы елміз. Өкініштісі орыспен ортағымыз көп. Соның ішіндегі ең қауіптісі, ең кесірі көп тиетіні, ең пайдасызы - ЕАЭО! Бір мүддеге (монополияға) ғана жұмыс жасайтын бұл экономикалық одақсымақтың - Путиннің КСРО-ны қайта құру идеясының алғышарты екенін есі дұрыс адам екібастан біліп отыр.
Байден әкімшілігінің бұл санкциялары бұрынғыдан қатаң! Оны Путин билігі жақсы түсінеді. Сол үшін де жауабымызды жақсылап береміз, деп бұлқан-талқан болуда.
Ал мұның Қазақстанға қандай кесірі тиюі мүмкін? Тиеді!», - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.
Осылай деп атап өткен ол белгілі экономист Мақсат Халықтың ауызынан естіген біраз фактілерді келтірген. Айтуынша, ұзақ жылдар бойы Ресей Қазақстанды донор ретінде пайдаланып келген. Яғни сүлікше сорып отырған.
«2014-2015 жылдары Ресейге алғашқы санкциялар салынған жылдары Қазақстан Ресейді санкция қысымынан құтқарып қалған мемлекет. Неге? Өйткені, сол жылдарға Қазақстан теңгені күшпен ұстап тұрды. 1 жыл 8 ай бойы біз интервенцияға 28 млрд доллар ақша жұмсағанбыз. «2014 жылы Қазақстан интервенцияға 17 млрд доллар жұмсады» деген ақпарат 2015 жылдың басында Дүниежүзілік банк есептерінде шықты. Біреулер сенбеді, біреулері сенді.
Бұл ақша не үшін жұмсалды? Теңгені 190 қылып ұстап тұру үшін. Сол кезде біздің теңгеміз құнды болып, Ресей рубльі құлап жатты. 2,5 теңгеге дейін құлады. Сол жылдары біздің халық Ресейден барып көлік тасыды, заңды-заңсыз жолмен де тасыды. Ресей тауарлары нарыққа басып кірді. Қазақстандықтар Ресейдің ірі қалаларынан жылжымайтын мүліктер ала бастады. Бәрі арзан болып кетті. Сөйтіп, бізден Ресейге капитал ағылды. Ресей санкция төпесінде жатқан кезде бізден капитал барып, үлкен қолдау болды. Кейін біз теңгені еркін айналымға жібердік. Президент: «28 млрд доллар жұмсадық, әрі қарай ұстап тұру мүмкін емес» деді.
Біз неге осы процесті 2 жыл бойы күттік? Өйткені, сол кездегі осынша қаржыны жұмсаудағы үлкен бір саясат – Ресей экономикасына қуат беру болды.
Ресей экономикасын құтқару үшін 35 млрд доллар шығындадық. 2 жыл бойы интервенция жасаудың жалпы құны - 35 млрд доллар болған. Бұл үлкен қаражат. Мысалы, біз ЭКСПО өткізу үшін 3 млрд жұмсадық. Соның өзінде ЭКСПО өткіземіз деп, көптеген шығындарды қысқарттық. Қаржыландыру процестерін тоқтаттық. Мектеп мұғалімдерінің айлықтары мен мектептегі балалардың бір уақыт берілетін ыстық тамағына дейін қысқарттық. Сонда бар-жоғы 3 млрд доллар кетті.
Ал енді 35 млрд долларды біз не үшін жұмсадық? Еркін айналымға Ресей бірінші өтті. Олар өздеріне керек кезде валюталарын құнсыздандыра салады. Одан біздің экономикаға үлкен соққы тиеді. Сондықтан, тарихи һәм геосаяси факторларды ескеру керек дегеннің өзінде, Ресеймен одақтасуда – Ресейге сенуге болмайды! ЕАЭО тауар айналымы жағынан қарасаңыз, 92 пайыз Ресейге тиесілі екен. Қалған аз ғана пайызды қалған төрт мемлекет бөліседі. Қазақстан тек ұтылып келе жатыр.
Мәкеңнің айтқан дерегінше, біздің ЕАЭО мемлекетеріне шығарған өніміміздің көлемі 31,7 млрд доллар екен. Ал енді керісінше импорттап кіргізген тауарлар құны 75,7 млрд доллар. Тауардың төлем бағасы деген ұғым бар екен. Импорт пен экспорттың айырмасын шығарасақ, теріс сальдо 44 млрд доллар. Яғни, біз 5 жылда 44 млрд доллар ұтылдық. Қысқасы ЕАЭО бізге сор болып тұр!», - дейді жазба авторы.