19.04.2021, 18:00

«Ақшасын төлемесең, қарамайды»: белгілі заңгер Шымкенттегі дәрігерлердің былығын ашты

Фото: instagram/aigulorynbek_
«Дәрігерлер ақша берсең ғана қарайды, тіпті телефонмен сөйлесуің, жағдайын білуің де ақша. Каспий голдына аударып, жағдайын біліп отырдық», деп жылаған дауыс әлі құлағымнан кетер емес.

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында Шымкент қаласындағы ауруханаларға қатысты былықтың бетін ашып тағы бір пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Заңгердің айтуынша, ардан безген дәрігерлер ақшасын төлемесең, науқастарға қарамайтын болған. Сөзіне дәлел ретінде өзінен шырылдап көмек сұрап хабарласқан жас қыздың жазбасымен бөліскен.

«Анамнан айрылдым!», - деп соғылған қоңырау таң азанымен қатты соққы болды. «Сіз маған бір рет көмек беріп едіңіз ғой, есіңізде ме? Әділдікке жеткім келеді. Анамды сау қылып апарып, өлігін алып шықтым. Дәрігерлер ақша берсең ғана қарайды, тіпті телефонмен сөйлесуің, жағдайын білуің де ақша. Каспий голдына аударып, жағдайын біліп отырдық», деп жылаған дауыс әлі құлағымнан кетер емес.

Прокуратураға шағым жазу керектігін айттым. Басқа не айтам! Анасынан айрылып іші күйіп тұрған адамға қаншама жұбату сөз айтсам да, орнын толтырамасы анық», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол өңірде коронавирус жұқтыру деректері мен жаманат хабарлардың көбейіп бара жатқанын айтқан.

«Тағы басталды халықтың жақындарынан айрылып жылауы.

Наурыз тойын жарты миллиардқа креативті тойлап алып, енді халыққа қамшылап вакцина салдырып ауруды тоқтату мүмкін емес!

Наурыз тойлағыш Шымкенттің басшылары, ауруханалардың түбінде жатыңдар барып!

Нағыз халық үшін жасалған креатив сол болсын!

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, Асхат Жұмағали мырза, ауырған адамдардың туыстары дәрігерлердің каспий голдына ақша аударып жатыр екен. Сіздің хабарыңыз бар ма?

«Ковидпен күреске дайынбыз, дәрілер жетеді» дегендері қайда? Бакытжан Позилов, қызметкерлеріңіз каспий голд арқылы сыйақы алып жатқанын білесіз бе?

Ақша берсең ғана жақсы қарайды, бермесең былтырғыдай өзің дәрі, кисслород тасып жүресің бе сонда?», - деп атап өткен заңгер өз постында.