26.07.2014, 05:25

Қазақстан мен ОПЕК халықаралық даму қоры ынтымақтастықты белсендетуде

Сурет: mfa.gov.kz

Жақында Қазақстанның Венадағы Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай ОПЕК халықаралық даму қорының (ОФИД) Бас директоры Сүлейман Әль-Хербишпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәдімдегендей, кездесу барысында тараптар инвестиция саласында ынтымақтастықтың дамуын, соның ішінде Қазақстанға ұзақ мерзімді және төмен пайыз қаржыландыруды тарту мәселелерін талқылады.

«С.Әль-Хербиш ОФИД мемлекеттік сектор жобаларына қарыз беру, коммерциялық секторға несие желісін ашу және қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық операцияларына сауда қаржысын беру бойынша Қазақстанмен инвестиция саласында ынтымақтасуға ынталы екенін жеткізді. Сонымен қатар, Қор басшысы Қазақстанға басым болып табылатын басқа да ынтымақтастық бағыттар бойынша жұмыс істеуге дайындығын білдірді», делінген хабарламада.

Тұрақты өкіл Қайрат Сарыбай Қазақстандағы даму жобалары бойынша ҚР Үкіметінің ОФИД-пен ынтымақтастыққа дайындығы туралы хабарлап, «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы мен ЭКСПО-2017 бастамаларын іске асыру бойынша әрекеттесуді ұсына отырып, Қазақстанның Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру мен даму банкі және көптеген басқа халықаралық даму институттарымен сәтті ынтымақтастық тәжірибесіне назар аударды.