29.04.2021, 13:20

Тіл – ұлттың жаны

Фото: ашық дереккөз
Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық.

Қазақстанда ұлт көңілін алаң қылған бір мәселе болса, ол – тіл мәселесі. Биыл егемдік алғанымызға 30 жыл толады. Осынша жылдан бері айтылып, жазылып, талқыланып келе жатыр. Асханадан бастап Ақордаға дейінгі аралықта тіл тағдырына алаңдамаған адам аз, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақ халқы Қазақстан мемлекетін құраушы ұлт ретінде тілімізге мемлекеттік тіл деген мәртебе берілді. Бірақ бір өкініштісі, әлі де болса сол мемлекеттік тілімізді мемлекеттік деңгейде қолдана алмай келеміз. Әлі күнге дейін биік мінберлердің тілі қазақ әріптерін айтуға келгенде күрмеліп қалады. Кейде ел арасында «Мемлекеттік тілде ең алдымен Мемлекет басшысы сөйлеу керек» дегендей пікір айтылады. 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын құрған тұлға ретінде Президент бұл міндетін орындап жүр деп айтуға болады. Егер аз да болса күмәндансаңыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиындарды тағы бір қарап шығуыңызға болады.

Мемлекет басшысы тіл тағдырына қатысты ойын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да нақты айтқан.

«Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді», деді Президент.

Расында да тіл мәселесі 90-жылдармен салыстырғанда көштің біраз алдыға жылжығанын аңғаруға болады. Бірақ біз оран да қанағаттанбай «елдің бәрі тек қана қазақ тілінде сөйлесе, мемлекеттік тіл де, ресми тіл де, ұлтаралық қатынас тілі де қазақ тілі болса, соны көрсек деп шыдамсызданамыз ғой. Болмаса қазақ тілінде мақалдап тұрып сөйлейтін өзге ұлттың саны жыл сайын көбеймесе азайып жатқан жоқ. Президент аталған мақаласында бұл мәселені де сөз етеді.

«Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», деп нақтылады. 

Сондай-ақ биыл елімізде «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген еді. Жастайынан ертегі тыңдап, әдебиетпен сусындап өскен баланың санасы да, рухы да, білімі де толыққан азамат болып өсетіні даусыз. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы:

«Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары», деді.

Қазақ тілінің дамуына тек қазақтар ғана емес, осы мемлекетте тұрып, ауасын жұтып, нанын жеп жүрген әрбір азамат мүдделі болуы керек. Өзге ұлттар да қазақ тілінің кең қолданыста болуына ынталы болуы тиіс. Дегенмен, қазақтың тілін кейбір қазақтан артық білетін өзге ұлттың өкілдері де жоқ емес. Жалпы, тілге деген құрмет қайдан туады. Ол үшін сол ұлтқа деген құрмет болу керек. Ұлтты, жерді, Отанды, сол Отанның заңын құрметтеген адам үшін тілді үйрену аса қиындық тудырмаса керек. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті», деген сөзді Мемдекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты маөаласында тайға таңа басқандай қылып тұрып айтқан еді.

Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», деген болатын.