30.04.2021, 16:00

«Босалқы жер» деген әңгіменің артында қазақ жерін саудаға салу саясаты жатыр» - қоғам белсендісі

Фото: ашық дереккөз
Алақандай Астананың көшелері мен алаңдарына көлеңкелі көк желек өсіре алмай отырып, шетел инвесторы келіп табиғаты тұл даланы  орманға айналдырып береді  деген ертегіге кім сенеді?

Жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға тыйым салу мәселесі бойынша заң жобасын Сенат «әлі де талқылайтын тұстары бар» деп қайтадан Мәжіліске қайтарды. Әрине, мұны көпшілік жұрт үлкен жеңіске балап жатыр деуге болады. Алайда кейбір қоғам белсенділері мен ұлт жанашырлары жер сатылмайды деп нақты заңға жазылмайынша, ештеңе өзгермейтінін айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Олардың айтуынша, Жер кодексінде ұлт қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұтастығына қауіп-қатер төндіретін баптар әлі дер бар. Әсіресе, орман шаруашылығы мақсатында жерді жекеге беруге болады деген баптың артында үлкен гәп тұр. Қоғам белсендісі Жомартбек Нұрманның айтуынша, «шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға орман өсіру үшін 25 жылға дейінгі мерзімге жерлерді жалға беру керек»деген идеяның артында қазақ жерін саудаға салу саясаты жатыр.

«Армандауға болады,  әрине,  бірақ...  Алақандай Астананың көшелері мен алаңдарына көлеңкелі көк желек өсіре алмай отырып, шетел инвесторы келіп табиғаты тұл даланы  орманға айналдырып береді  деген ертегіге кім сенеді? 

Әлде дәнді дақылдар өндіріп, бау-бақша салып, суармалы егіс алақаптарын игеріп,   жеміс-жидек, көкөніс  өсіріп болдық па? 

Қазақтың жері кімге маза бермей жүр? «Босалқы жер» деген анықтама қайдан  шықты? "Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға орман өсіру үшін 25 жылға дейінгі мерзімге босалқы(?!) жерлерді жалға беру керек" деген идеяның тасасында территориялық тұтастығымызға көз тігу,  саудаға салып,  басып алу болып жүрмесін.

Ата-бабадан аманат қасиетті қазақ даласының ұлтарақтай телімі де босалқы  емес. Мейлі  Бетпақдаласы,  шөлі де, шөлейті де,  бәрі халықтың жері» , - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.