Ресей тарабы Байқоңырдан ұшырған зымыран Қазақстан аумағына құлаған жағдайда, оның шығыны мен экологияға келтірген зиянын толық өтеп беруі тиіс. Алайда екі елдің арасындағы мұндай келісім бюрократия деңгейінде қалып отыр. Мұны ҚР Сыртқы істер вице-министрі Марат Сыздықов мәжіліс отырысында айтты деп хабарлады qadam.asia.
«Апат болған жағдайда шығынды өтеу туралы екі елдің арасында бөлек келісім бар. Ресей тарабы шығынды өтеуге кепілдік береді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл өте ұзақ процесс. Бюрократиялық кедергілер көп. Мәселен, 2018 жылы Байқоңырда болған апаттың материалдық шығынын Ресей тарабы әлі күнге дейін өтеген жоқ», — деп атап өтті Сыздықов.
Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың айтуынша, ресей тарабы әрбір қосымша зымыран ұшырғаны үшін экологиялық талапқа сай 50 мың АҚШ доллар төлейді. Ал жылына 3 рет зымыран ұшыруға ғана рұқсат.
Сондай-ақ, ресей тарабы Байқоңырдан ұшқан зымыранның қалдықтары құлаған жағдайда, оның экология мен тұрғындарға келтірген шығынын өтемақы түрінде толық төлеуі тиіс. Алайда ҚР Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, сол шығынды өтеудің, есептеу мен төлеудің екі елдің арасындағы нақты келісімі жоқ. Көбі ұйымдастырушылық деңгейде қалуда.
«Құжатта кедергілер көп. Қостанай облысы, Арқалық, Жезқазған жақта құлап жатқан зымыран қалдықтарының зардап шегіп жатқан жұрт бар. Олар ең алдымен денсаулығына тигізген шығынды өтеткісі келеді. Бірақ біздің құзіретті органдар мұны жүзеге асыра алмай отыр. Қағаз күйінде қалуда», — дейді мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин.
Енді ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрлігінің міндетінде шығын өтеу процедурасын нақтылау міндеті тұр. Мұны министр Бағдат Мусин мойынына алды.
Айта кеткен жөн, 2018 жылы 11 қазанда Байқоңырда «Союз» зымыран тасығышы ұша алмай Жезқазғанның маңайына құлаған еді.