Премьер-министр Асқар Мамин вакциналау қарқынын арттыруды және Ashyq қосымшасын вакциналау паспортымен интеграциялауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айтуынша, вирустың репродуктивтілік индексі қазір – 0,95. Ауруханалардағы төсек-орындар – 33%-ке, жансақтау бөлімдері 26%-ке толы.
"Бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы шамамен 3 миллион екпе жасалды. Соның ішінде алғашқы компонентті 2 миллионнан астам, екінші компонентті 1 миллионға жуық адам алды. Вакцина қорларын толтыру, егу пунктерінің санын арттыруға қатысты шаралар қабылданып жатыр. Вакцина жеткілікті", - деді Мамин үкімет отырысында. Ол қазір вакциналау науқанын кеңейту пандемиямен күресуде ең маңызды міндет екенін айтты. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге вакциналау қарқынын арттыруды бұйырды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігіне цифрландыру ведомствосымен бірлесіп, Ashyq қосымшасын "Вакцинация" модулімен, eGov порталындағы вакциналау паспортымен интеграциялау бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды.