Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен туристерді іздеуге Өзбекстанның құтқарушылары тартылды. Олар аумақты өздерінің жағынан зерттейді.
Біздің ТЖМ Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристті іздеуді таулы жер бедері мен өзендердің қатты ағыны қиындатып отырғанын айтады.
«Іздеу шаралары басталғалы бері 350 шақырымнан аса аумақ жаяу араланды. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы 170 шақырымға жуық аумақ зерттелді. «ҚазАвиақұтқару» АҚ екі тікұшағы арқылы 3400 шақырым аумаққа әуеден бақылау жүргізілді. Қазіргі таңда іздеу жұмысына ТЖД, полиция, ҰҚК Шекара қызметінің шекарашылары, ұлттық парк қызметкерлері жұмылдырылған. Өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес, кешеден бастап Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, ТЖ бас басқармасының қызметкерлері де өз аумақтарында кірісіп отыр. Іздестіру жұмыстары әлі жалғасатын болады»,- деді өңірлік ТЖД бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Іздеу шараларына дрондар мен тікұшақтар тартылған. 218 адам және 32 техника жұмылдырылды.