Қандай жағдай болса да Қазақстан мен Ресей мәңгілік дос, стратегиялық серіктес болып қала береді деген ұғым ескіре бастаған секілді. Соңғы кездері кейбір сарапшылар ресми Нұр-Сұлтан мен Мәскеу арасында бұрынғыдай емес саяси салқындықтың пайда бола бастағанын айтып жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналист әрі сарапшы Асхат Қасенғалидың айтуынша, мұндай жайт соңғы бір жылда анық көріне бастаған. Бұған Никонов, Жирик, Федоров, Мединский сынды ресейлік шенеуніктердің өткен жылғы оқыс мәлімдемелері дәлел бола алады. Керек болса, Путиннің өзі де бірнеше рет «оқыс» сөйлеп қалғанын айта кету керек.
«Қазақстан ЕАЭС-тен шығатын болды ма» деп бір ағамыз жекеде сұрапты. Оны білмеймін, бірақ Мәскеу-Нұр-Сұлтан арасында соңғы жылдары саяси салқындық артып келе жатыр деп ойлаймын(мүмкін қателесермін). Оған бірнеше себептер де бар сияқты.
1. Өткен жылы Ресейдің бізге жасаған идеологиялық шабуылы орасан болды. Путин бастап, Никонов, Жирик, Федоров, Мединский қостап, біраз еліміздің тұтастығына қауіпті сөздер айтылды. Бұл сөзсіз біздің истеблишментті ойландырып тастады. 2. Қазақстан «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастап латын әліпбиі негізінде жасалған әліпбиге көшу процесін бастады. 2025 жылы бірінші класс балалары сол әліпбимен оқи бастайды. Біз оны «тілді дамыту үшін» деп атаймыз, ал Мәскеу «кириллицадан бас тарту – бізге қарсылық» деп түсінуде. 3. Қазақстан көше, елді-мекен аттарын қазақ тіліне ауыстырып, тарихи атауларын беріп жатыр. Оны Ресей Мемдумасы үлкен күйзеліспен қабылдауда. Баж-бұж етуде. 4. Ресей Қазақстандағы геноцид жайлы айтуды ұнатпайды. Тақырып жабық қалса дейді. Бірақ соңғы уақытта билік ақырындап бұл тақырыпқа назар аудара бастады. Ескерткіштер қойып, зерттеулер жасап, комиссиялар құрып, фильмдер түсіріп жатырмыз. Аз, бірақ жылжу бар. Архивтер ашылуда, ақиқатқа сәулe түсуде. Мәскеуге бұл ұнамайды. Неге екені де белгілі. 5. Қазақстанда түркі елдерімен әскери және экономикалық одақтар құру идеясы айтылуда. Әрине оның жақын арада болуы неғайбыл, бірақ сондай көптеген ұсыныстардың өзі ресми Кремльді тітіркендіреді.
Қазақ Елінде Ресейдің ықпалы жоғары. Өте. Бірақ біз ол ықпалды қаламайтынымызды, қарсы екенімізді көрсетіп сигнал жіберудеміз. Не нәрсе де сигналдан бастау алады. Бұл түбі болатын процесс қой. Түбі Қазақстан-Ресей экономикалық, сауда қатынасында болатын, саяси-әскери одақтастық әлсірейтін сәт келуі мүмкін. Қазақ билігіне қанша сын айтылса да, қазіргі қадамы дұрыс деп ойлаймын. Бұл қатты бассаң морт сынатын тақырып қой. Ақырындап, майдан қыл суырғандай мәселені байыппен шешу керек. Ең бастысы процессті тоқтатпау», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.