04.06.2021, 11:20

Қазақстанның Ту, Елтаңба, Әнұран, Конституциясы Арктиканың болат қоймасында 5 ғасыр сақталатын болды

Фото: inform.kz
Файлдар Дүниежүзілік Арктика мұрағатын басқаратын Piql компаниясының арнайы технологиясымен алдын ала архивацияланған.

Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ахинжанов норвегиялық Свалбард провинциясының (Шпицберген архипелагы) әкімшілік орталығы – Лонгйир қаласына іс-сапармен барды. Ол Свалбард губернаторының міндетін атқарушы Сөлви Элведалмен кездесу өткізді, – деп жазады inform.kz.

Свалбард солтүстік полюске жақын орналасқан. Мұзды өлкеде бірнеше елдің ғылыми стансалары және телекоммуникация, метеорология, сейсмология, ғарыштық зерттеулер бағытындағы жоғары технологиялық объектілерде ғалымдар жұмыс істейді.

«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қоғамдық-саяси мен экономикалық салаларда кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Халықаралық әріптестік те нығаюда. Біз Свалбардтың жетекші компанияларымен инвестициялық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты талқылау үшін келдік», – деді Е.Ахинжанов.

Сапар аясында қазақстандық делегация тарихи мен мәдени маңызды құнды деректер, зияткерлік меншік және т.б. ақпараты бар цифрлық деректерді сақтайтын Дүниежүзілік Арктика мұрағатына (AWA) барды. Мұнда мәліметтер 500 жылдан астам қызмет ететін құрылғыларда, мәңгілік тоңдағы терең болат қоймада сақталады.

Қазақстанның Ұлттық рәміздері күніне орай Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран, Конституция және 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» заңы бар ақпараттық файлдар аталған мұрағатқа орналастырылды.

Файлдар Дүниежүзілік Арктика мұрағатын басқаратын Piql компаниясының арнайы технологиясымен алдын ала архивацияланған.