08.06.2021, 15:20

«Халыққа су тауып бере алмай отырып, айдалаға қонақ үйді қалай салмақсыңдар?»: Белгілі заңгер ақтаулық шенеуніктерді жер қылды

Фото: ашық дереккөз
Қолымды жуайын десем кранда су жоқ. Сөйтсем, Ақтауда су уақытпен беріледі екен.

Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек осыдан бірер күн бұрын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ақтау қаласына қатысты соның ішінде туризм және қызмет көрсету саласына қатысты біраз мәселенің барын айтқан еді. Заңгер бүгін тағы біраз мәселенің басын ашып беріпті. Оның айтуынша, Ақтауда ыстық су жоқ, суық судың өзі уақытпен беріледі екен, , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Ақтауда су уақытпен беріледі екен.

Күн ыстық шайынып алайын десем, «қазір газға су ыстып беремін» деді. «Қуасың ба!» көп қабатты үйде тұрып су ысытқаны несі, қолымды жуайын деп суды ашып қалсам тіпті мұздай су жоқ. «Бізде су уақытпен беріледі, біз үйренгенбіз», деп күлді сіңілім.

«Халық бәріне көнеді» деген технологиясы дамыған алдыңғы қатарлы ел суға жете алмай қор болып отырғанын мына үкімет біле ме?

Ақтаудың маңындағы ауылдарда тіпті сағатпен берілетін су да жоқ деп кеше оқырмандарым жазып еді», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол бұл жазбасында өз халқын сумен жарылқай алмай отырып, Бозжыра шатқалына заманауи үлгідегі қонақ үй салмақ болып отырған жергілікті шенеуніктерді сынға алған. 

«Ал үкімет айдалаға, туристтер үшін қонақ үй салмақшы.

Қаланың ортасында жүрген халыққа су беріп жарыта алмай жүріп, айдалаға суды қалай тасымақсыңдар? Тегіс жерге салған үйлерің құлап жатыр, жолдарың шұрқ тесік болып тесіліп жатқан да, ойлы-қырлы жерге салған қонақ үйлерің тұрады деп ойлайсыңдар ма?

Бүкіл тәттісін қонақтарға сақтап үйіп төгіп беретін жоғарыда отырған жемқор аңғал ағаларым ай?! Өзгелерге жалпылдап, өзімізді төмпештеуді қашан қоясыңдар?

Ең бірінші өз халқыңның жағдайын жасап үйренсеңдерші! Бозжыра тек осылай суретке түсетін әдемі локация болып қалу керек!», - жазған жазба авторы.