09.06.2021, 16:40

«7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін»: Тараз тұрғынынан 5 келідей есірткі табылды

фото: azattyq-ruhy.kz
Кептірілген марихуана қызметтік иттің көмегімен табылды.

"Қарасора-2021" жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында Жамбыл облысының Полиция департаменті  Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласының 48 жастағы жергілікті тұрғынын ұстап, оның тұрғылықты жерінен санкцияланған тінту барысында жалпы салмағы 5 келі 150 грамм  "кептірілген марихуана" есірткі заты табылып, тәркіленді. Тінту "Теа" атты қызметтік иттің қатысуымен жүргізілді. 

"Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Ұсталған азамат кінәсін мойындады, ол Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", - деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Жұмабеков.

Тегтер: Тараз есірткі