Қасым-Жомарт Тоқаев өз президенттігінің екі жылында елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде эволюциялық-прогрессивті шешімдердің қабылдануына ықпал етті. Бұл пікірді саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкілхалықтық сайлауда жеңіп шыққанына екі жыл болды. Осы екі жылда елімізде ең бірінші қоғамдық-саяси салада эволюциялық тұрғыда реформалар болып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, ең алдымен Ұлттық кеңес құрылды. Осы Ұлттық кеңес аясында біздің еліміздегі саяси реформаларды жүзеге асырудың пакеттері ұсынылды. Бірінші пакет бойынша митинг туралы жаңа тұрпаттағы заң қабылданды, сонымен бірге «парламенттік оппозиция» ұғымы пайда болды. Партия туралы заңға өзгерістер енгізіп, жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квота енгізілді. Екінші пакет бойынша, биылдан бастап аймақтарда, аудандық деңгейдегі ауыл, поселок, қалалардың әкімдері сайланатын болады. Биыл 830 әкім сайланады, бұл еліміздегі саяси реформалардың аймақтарға көшкендігінің белгісі», - деді Е. Сайыров ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен бірге, саясаттанушы халықтың әлеуметтік жағдайын түзеуге арналған бірқатар шешім туралы айтты. «Ең алдымен кредиттік амнистия жасалды, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы өсті, сосын ауылдарда мал ұрлауға қатысты заң күшейтілді. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайын реттеуге бағытталған қадам. Экономикаға ойыссақ, квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын бақылау, бақылағанда қазақстандық өндірушілерге баса назар аудару мәселесіне арналған заңға жақында Президент қол қойды. Осы қадамдардың барлығы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде эволюциялық-прогрессивті шешімдердің қабылданып жатқанының көрсеткіші, ол шешімдердің ең басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұр», - дейді Ерлан Сайыров.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Нұр-Сұлтан уақытымен 20.00-де Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауына дауыс беру аяқталды. Сайлаушылардың 77,5% дауыс беруге қатысты. «Nur Otan» партиясының атынан ҚР Президенті кандидаттығына түскен Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 70,76%-ы дауыс берген.