09.06.2021, 20:43

Мемлекет басшысы адам құқығы туралы қаулыға қол қойды

Фото: tengrinews.kz
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы" қаулыға қол қойды, - деп хабарлайды akorda.kz.

"Адам құқықтары саласында одан әрі шаралар қабылдау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) бекітсін, онда мынадай жұмыс бағыттарын көздесін:

БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру; адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету; мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары; әйелдерге қатысты кемсітуді жою; бірлесу бостандығына құқық; пікір білдіру бостандығына құқық; адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы; үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру; адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары;

2) Іс-шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз етсін;

3) жыл сайын 25 қаңтарға қарай жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын;

4) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдасын.

2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", - делінген қаулыда.

Тегтер: Тоқаев Жарлық