$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақстанда Американың әскери базасы орналасуы мүмкін» - Вашингтон өкілі

"Қазір талқылау жүріп жатыр. Талқылау оң, үміт берерлік сипатта болды деп айта аламын.

АҚШ-тың Ауғанстандағы бейбітшілік пен келісім бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад 13 маусым күні Астана қаласында өткен брифинг кезінде Қазақстанға сапарының мақсаты туралы айтты, деп жазады Азаттық

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің мәліметінше, арнайы өкіл Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларымен "Ауғанстандағы жағдайды бейбіт реттеу, АҚШ әскерін Ауғанстаннан әкету және аймақтағы қарым-қатынас, сауда және ынтымақтастықтың болашағы мәселелерін" талқылайды.

"Қазақстанмен қарым-қатынасты бағалаймыз. Қауіпсіздік саласында тығыз қарым-қатынас жасап келеміз. Екі ел де осы мәселеге алаңдайды. Біз сонымен бірге саяси деңгейде, адам құқығы саласында да тығыз әріптестік орнаттық. Президенттің адам құқығы туралы мәлімдемесін жылы қабылдадық және президент тапсырмасының орындалғанын көргіміз келеді. Біз сонымен бірге тығыз экономикалық қарым-қатынас та орнаттық. Энергетика саласындағы компанияларымыз Қазақстанның экономикалық дамуына белсенді түрде үлес қосып жатыр", – деді Залмай Халилзад.

Елшінің сөзіне қарағанда, "АҚШ Орталық Азия елдерінің егемендігін және тәуелсіздігін нығайтуға талпынады, олардың территориясының тұтастығын қолдайды және Ауғанстанда бейбітшілік пен келісім орнату мәселесі бойынша сенімді әрі мықты әріптес болғысы келеді". Оның айтуынша, бұл мәселені бірлесе отырып шешуге болады.

"Аймақ қауіпсіздігі мәселесімен Қазақстан мен АҚШ бірлесіп айналысқаны маңызды. Ауған халқының 40 жыл бойғы соғыс азабын ескерсек, бейбітшілікке қол жеткізу бойынша жұмыс істеген ләзім. Қазақстанның бітімгер ел ретінде беделі бар", – деді Халилзад.

Қазақстанның Ауғанстандағы бейбітшілік пен келісімді орнатуға қосқан үлесіне тоқталған елші "Қазақстан Ауғанстанда адам құқығы, әйел құқығының сақталуына мүдделі екенін танытып отыр" деді.

"Қазақстан Ауғанстан азаматтарының білім алғанын қалайды және ауған студенттерінің білім алуы үшін едәуір грант бөлген (Қазақстан жыл сайын ауған студенттерінің оқуы үшін ондаған миллион доллар қаражат бөледі, 2019 жылдан бастап Қазақстанда ауған әйелдерінің білім алуы бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр - ред.). Қазақстан сонымен бірге елдің дамуына да көмек берді, атап айтқанда Ауғанстандағы темір жолдың бір бөлігін салып беруге әзір екенін білдірді, азық-түлік ретінде гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етті. Бұған қоса, әрине, терроризммен күрес мәселесі де бар. Менің ойымша, осы салалардың барлығында әсіресе, даму, аймақтағы ынтымақтастық және терроризммен күрес бойынша бірге көп шаруа атқара аламыз деп санаймыз", – деді Халилзад.

15 сәуірде америкалық New York Times басылымы АҚШ-тың ресми тұлғалары Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан билігімен байланысқа шығып, аймақта база ашу мәселесін талқылады деп жазған. Орталық Азияда әскери база орнату мәселесі туралы сұраған Азаттық тілшісінің сұрағына спикер "АҚШ Ауғанстаннан әскерін алып кеткеннен кейін ол жақтағы бейбітшіліктің сақталуына үлес қосу үшін аймақтағы және одан тыс өзге елдермен осы бағытта бірігіп жұмыс істеу стратегиясын талқылап жатыр" деді.

"Қазір талқылау жүріп жатыр. Талқылау оң, үміт берерлік сипатта болды деп айта аламын. Бірақ бұл жерге мен нақты бір елдермен нақты бір әскери қадам туралы келісімге келдік деп айту үшін келген жоқпын. Бірақ ауқымды түрде талқылау жүріп жатыр", — деді ол.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкеткеннен кейінгі жағдайға тоқталған Халилзад "АҚШ әскері кеткенмен Америка кетпейді" деп мәлімдеді. Оның пікірінше, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың ең қолайлы тәсілі – қақтығысты әскери жолмен емес, саяси жолмен реттеу.

— ДАИШ (өзін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремист топтың арабша қысқарған атауы, Қазақстанда тыйыс салынған ұйым - ред.) аймаққа зор қауіп төндіріп отыр. "Талибан" қозғалысы ДАИШ-пен соғысады, олар өзара қарсылас. ДАИШ-пен күресіп жатқан ауған үкіметі ДАИШ-ты қатер деп біледі. Егер "Талибан" мен ауған үкіметі ДАИШ-пен бірігіп күрессе, Ауғанстан күштірек болар еді. Қазіргідей бұлыңғыр кезеңде ынтымақты арттыруға, оның ішінде Қазақстанмен де әріптестікті нығайтуға күш саламыз, – деді Залмай Халилзад. Ол Қазақстан мен аймақтағы өзге елдер "экстремизм мен терроризм мәселелерін бірге шешіп, оның алдын алуға дайын болуы тиіс" деді.

Елші Залмай Халилзад 2018 жылы 21 қыркүйекте АҚШ-тың Ауғанстандағы бейбітшілік пен келісім бойынша арнайы өкілі болып тағайындалған. 2007-2009 жылдары – АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі, 2005-2007 жылдары АҚШ-тың Ирактағы елшісі болған. 2003-2005 жылдары АҚШ-тың Ауғанстандағы елшісі қызметін атқарған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары