18.06.2021, 16:20

«Әкесі солай үйреткен» - финалда бір-бірімен жекпе-жекке шықпай қойған ақтаулық егіздердің анасы

Фото: ашық дерекөз
Айя мен Саяның жаттықтырушысы Самат Жантілеуовтың айтуынша, егіздердің финалда кездесіп тұрғаны бірінші рет емес.

Таэквондо турнирінің финалында бір-бірімен жекпе-жекке шығудан бас тартып, жеңімпазды өзара ойын арқылы анықтаған ақтаулық егіз қыздардың анасы мен жаттықтырушысы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Егіздердің анасы қыздарының финалдағы ел тәнті болған әрекетінің астарын айтып берді. Айя мен Саяның жаттықтырушысы Самат Жантілеуовтың айтуынша, егіздердің финалда кездесіп тұрғаны бірінші рет емес. 

«Егіз қыздарымыз Айя мен Сая Кенжеғали олимпиадалық спорт түріне енген тхэквандомен бір жарым жылдан бері айналысып келеді. Екі қыздың талпынысы, спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Бір жарым жыл ішінде облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүр. Жақсы нәтиже көрсетті. Бұл екеуінің финалда кездесіп тұрғаны бірінші сайыс емес. Осымен үшінші сайыс. Облыстық жарыстарда кездесіп жүрген. Республикалық жарыста бірінші рет финалда кездесіп, осылай «тас, қайшы, қағаз» ойынымен жеңімпазды анықтады. Екі қыздың мінезі екі түрлі. Бірінші орын алған Айя сәл тұйықтау, ал Саясы еркелеу. Ал спортта екеуінің де жауапкершілігі жоғары», - дейді егіздердің жаттықтырушысы. 

Тағы оқыңыз: Маңғыстаулық егіз қыздар финалда бір-бірімен күресуден бас тартты (видео)

Таэквандо жаттықтырушысы Самат Жантілеуов осы ретте балаларды жарысқа алып барудағы мәселеге тоқталды. Оның сөзінше көбінесе сайысқа баратын балалардың жол-пұлы мен жатын орынын қамтамасыз ету ата-аналардың қолдауымен жүзеге асып жатады.

 «Ал бұл жолы Қызылорда облысында өткен республикалық жарысқа Маңғыстау облысы ересектер арасындағы аға жаттықтырушы Куанғали Дастанұлы және Маңғыстау облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов қолдау білдірді. Жомарт азаматтарға алғысымызды айтамыз», - деді жаттықтырушы. Айя мен Саяның жетістіктеріне ата-анасының да сіңірген еңбегін айту керек. 

Айя мен Сая Ақтаудағы № 13 гимназияның оқушылары. Сая егіздердің үлкені, Айя кішісі. Анасы Жібек Сатқанованың сөзінше, егіздердің арасы 10 минут. Егіздердің екі әпкесі бар. Қыздардың әкесі Ерболат Шутомкареев үйдің кенжелерін бар еркелігін көтеріп тәрбиелеп отырғанын жеткізді. Ата-анасы Айя мен Саяның спортқа өз еркімен келгенін айтты. 

«Айя мен Сая тхэквандоға өздері барамыз деп шешті. Таныстарымыздың баласының жетістіктерін көргесін қызығып кеткен болуы керек. Онымен қоса вокалға, хорға барамыз деді. Қазір концерт қоюға кетті", - дейді егіздердің анасы.

Жеміс Сатқанова турнирдің финалында егіз қыздарының бір-бірімен жекпе-жекке шықпауының себебін түсіндіріп берді. Айтуынша, қыздар үйде де тату.

 «"Үйде де төбелеспейді, тек апалары тиіссе бірге шап беруге бар. Бір-біріне қарсы тұра алмайды, әрине, олар бауыр ғой. Әкесі солай үйретеді. Ешқашан сыртқа жаман қылықтарыңды көрсетпеңдер, ұят болады деген сөз бар ғой», - дейді Жеміс Сатқанова қыздарының тәрбиесі жөнінде.

Ал бұл жолы егіздер финалға шығарда «бір-бірімізге қарсы шықпаймыз, су-ли-фа арқылы шешеміз қай медаль болса да біздікі» деп келісіпті.