Атырау облысында ұсталған "Нұр Отан" депутаты Абзал-Сенбі Самалықов партия құрамынан шығарылды. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады, деп жазады Азаттық.
Бірнеше күн бұрын ақпарат агенттіктері Атырау мәслихатына "Нұр Отан" атынан сайланған депутат Самалықовтың "жанар-жағар май ұрлау ісі" бойынша ұсталғанын хабарлаған. Қазір ол үйқамақта отыр.
Informburo сайтының жазуынша, 18 маусымда партияның Мақат аудандық бөлімшесінің саяси кеңесі отырыс өткізіп, депутатты партиядан шығару туралы шешім қабылдаған.
15 маусымда "Ақжайық" порталы депутатпен бірге тағы 22 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуелі 20 адам үстінен "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу" бабы (262-бап) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" (189-бап) бабы бойынша тағы бір қылмыстық іс пайда болған. Бұл бап бойынша депутат күдікке ілінген.
23 адам Мақат станциясындағы тауар таситын вагондардағы цистерналардан жанар-жағар май ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Тергеу органдарының болжамынша, күдіктілер былтыр 31 маусым мен 31 қазан аралығында құны шамамен 20 млн теңге болатын 120 тонна жанар-жағар май ұрлаған.
Абзал-Сенбі Самалықов "Локомотив" АҚ-тың Атырау қаласындағы бөлімшесінің директоры. Ол биыл "Нұр Отан" праймеризінен кейін облыстық мәслихатқа сайланған.