$ 449.3  489.69  4.89

«Деструктивті дін өкілдері бүгін жолды жапса, ертең үйді жарып, елді шабады» - журналист

Теріс діни ағымдағылар үшін кез келген ұлттық бағыттағы үгіттер, домбыра, ұлттық ойындар, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен ұстанымдары және басқалар фитнә болып табылатынына күмәнім жоқ.
фото: kazislam.kz
фото: kazislam.kz

Осыдан бір-екі күн бұрын әлеуметтік желіде бір топ адамның Батыс Қазақстан облысының бас имамы Бақытжан Құралбайұлының орнынан кетуін талап етіп,  Ақтөбе-Орал тас жолын жауып тастағаны туралы ақпарат тараған еді. Белгілі заңгер Абзал Құспанның facebook парақшасында жарияланған бұл ақпаратта айдың-күннің аманында жұрттың мазасын алып, көшеге шыққандардың барлығының жастар әрі олардың жат ағым жетегінде жүргендер екенін айтылған. Алайда бұл оқиға туралы ресми органдар тарапынан әлі нақты түсініктеме берілген жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тек бірнеше ақпарат құралында ғана бас имам Бақытжан Құралбайұлының болған оқиғаға қатысты берген түсініктемесі деген ақпарат шықты. Онда жастардың мұндай қадамға түсініспеушіліктен барғаны айтылған. 

«Жымпитыда жаңадан мешіт салынды. Сол себепті, 150 жылдық тарихы бар ескі мешіт тарихи ғимарат ретінде мемлекеттік меншігіне өтіп, қарауына берілді. Осы іс жергілікті жастар арасында түсініспеушілік туындатып, жаңа келген имам біздің мешітті жапты, әкімшілікке беріп жіберді деген пікірлер айтылып, кешегідей оқиға болды»,- дейді БҚО бас имамы Б.Құралбайұлы.

Алайда әдеттегідей ресми органдар бұл оқиғаны назардан тыс қалдыруға тырысқанымен, жалпы қоғам арасында біршама резонанс тудырып үлгерген секілді. Кейбір қоғам белсенділері соңғы кездері елімізде діни ахуалдың назардан тыс қалып бара жатқанын айтады. Мәселен, журналист әрі қоғам белсендісі Асхат Қасенғали жат ағымдармен күрестің ешқашан да назардан тыс қалмауы тиіс екенін айтқан. Оның айтуынша, бақылаусыз жіберсе, деструктивті дін өкілдері бүгін жолды жапса, ертең үйді жарып, елді шабады.

«Деструктивті дін өкілдері бүгін жолды жапса, ертең үйді жарып, елді шабады. Оған шүбә жоқ. Батыстағы жағдайға алып-қашпа әңгіме таратпай, құзырлы органдардан ресми жауапты күтейік. Нақтысын солар айтар.

Видеодан естігенім «фитнә» сөзі болды. Ол «бүлік салушы, берекені қашырушы, хаос жасаушы» деген сипатта айтылады ғой көбіне. Теріс діни ағымдағылар үшін кез-келген ұлттық бағыттағы үгіттер, домбыра, ұлттық ойындар, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен ұстанымдары және басқалар фитнә болып табылатынына күмәнім жоқ. Соған қарағанда имам ұлттық құндылыққа жақындау адам-ау, айтқан сөзі, жүргізген насихаты ұнамаған сынды.
Нақтысын бір Алла мен сол маңның халқы біледі. 

ҚМДБ теріс деп тапқан жат ағымдармен күрес жүйелі түрде жүруі міндетті. Зайырлылық дегеніміз бақылаусыз бетімен жіберу емес.

Айтарым мынау. Бізге уақыттың өзі мықты әскер мен қуатты арнайы жасақтарды дайындауға итермелеп отыр. Геосаяси құбылмалық та соған меңзейді. Ұлт пен мемлекеттің бүтіндігі, тәуелсіздіктің мығымдығы үшін барын салатын әскер болуы тиіс», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары