Аралда мал өлімі тоқтамай тұр. Жергілікті әкімдік жағдай қалыпқа келді деп мәлімдегенімен, шаруалардың жай-күйі шенеуніктер айтқандай мәз емес. Қуаңшылықтың кесірінен малы жұтай бастаған жұрт төрт түлігін арзанға сатып, алыпсатарларға жем болып жатыр, деп хабарлайды КТК жаңалықтары.
Өйткені мал даладан қылтанақ таппай қиналса, енді қара суға да тарыға бастаған. Ауданда әлі күнге төтенше жағдай жарияланбаған.
Қуарған дала. Былтырдан қалған жусанның қураған тұқылы малға азық болмайтыны анық. Биыл бір тал жасыл өскін шықпаған далада көз көрім жер тегіс осындай. Арық-тұрық ірі қара жерден қылтанақ таппай сенделіп жүр. Далада жатқан мал өлексесі сәт сайын кезігеді. Сексеуіл кентіне жетпей жатып-ақ, барар жолда көзге түсетін көрініс осындай. Ал ауыл іші кезектен келетін ұсақ жандығын жеммен асырап отыр.
"Мал жаппай ырылып жатыр, жылқы да, қой да, түйе де. Ешқандай жәрдем болған жоқ. Еш көмек көрген жоқпын", - дейді Сексеуіл кентінің тұрғыны Жолмырза Мырзағұлов.
Сексеуілден сыртқары шығып азын-аулақ малын далаға жайғысы келгендер жақын тұстағы Шағатай елдімекеніне қоныс тепкен. Қуаңшылық зардабын көріп отырған да тап осындай шаруалар.
"Басқа жақтарда болып жатқан шығар, біздің жақта тоқтады деп естіген жоқпын. Кеше де бір құлынды ана жерге мотоциклмен апарып тастадым. Шөп жоқ. Шөп ана жолы Қазалы ауданынан шамалы уақыт келген. 1200 теңгеден бір маясы. Бізге арзандау қылып беру керек қой", - дейді Шағатай ауылының тұрғыны Қанибек Оспанов.
- Бұрын қаншадан алатын едіңіздер?
- Былтыр 600-ден болған.
Кейбірі мал басын азайтып, арзанға сатып жіберген. 600 мыңға таяу бағаланатын құлынды биелер мұнда 250 мыңға бір-ақ түсіпті. Қалған ірі-қарасын қолдан суарып күнелтіп отыр. Ол суды да сатып алады.
Не шөпке, не суға жарымаған мал басының бұл күнде күйі қашқан. Ақпан-наурыз айларында туған бұзаулар уызға жарымай, жаңа туған төлден айырмасы жоқ.
Шағатай ауылында дәл қазір су алтыннан да қымбат. Мұндағы жұрт мал суаруға екі күн сайын бір цистерна су сатып алады. Бағасы 10 мың теңге. Ал табиғи құдық суының өнімі азайған. Бұл суды ауыл жұрт ішетін ауызсу ретінде де пайдаланады.
Жалпы төтенше жағдай жариялау қарастырылып жатқан Арал ауданында Сексеуілді қоса алғанда 13 елдімекен «қызыл» аймақта тұр. Әкімдік есебі бойынша ауданға 9 мың тоннадан астам шөп керек. Әзірге тек 16 пайызы ғана жеткізілген. Соған қарамастан аудандағы жағдай өз қалпына келді дейді жергілікті басшылық.
"31-мамырда аудан басшысының төрағалығымен төтенше жағдай жөнінде кеңес өтті, аудан әкімі жанында. Сол кезде барлығына тапсырма берілді. Шөпті дайындайтын бригада, мал бағатын бригада, көшіретін бригада, барлығына тапсырма беріп, ұйымдасқан түрде 481-мен мал басының өлімін тоқтаттық. Одан кейін мал шығыны болған жоқ. Осы жұмыстарды дер кезінде үйлестіргеннің арқасында қазір барлығы өз орнына келді. Тек алдағы қысқа дайындық, малды аман-есен алып шығу", - Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары: - дейді Арал ауданы әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.
Қуаңшылықтан зардабы қатты тиген шаруаларға келсек, алдағы уақытта көрші аудандармен жасалған кесілім негізінде 500 рейс шөп жеткізіледі. Оны шаруалар өз қаражатына сатып алуы тиіс. Әкімдік тек тасымалдау кезіндегі жанармай шығынын көтеруге көмектесетінін айтты.