25.06.2021, 12:40

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елорда әкімдігін тексеріп жатыр

Әшкереленгендердің арасында түрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарлары, сондай – ақ, облыстық басқармалардың 14 басшысы бар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елорда әкімдігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Агенттіктің телеграм каналына сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің, оның аудандық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталды. Талдау жүргізу барысында елорда әкімдігінің құқықтық базасы мен ұйымдастыру-басқару қызметін егжей-тегжейлі зерделеу жоспарлануда.

Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары О. Бектеновтің айтуынша, бүгінде жергілікті атқарушы органдардың жемқорлық осалдығы жоғары. «Ағымдағы жылдың 5 айында ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әкімдіктердің қызметкерлерімен жасалған 92 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеді, 76 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Әшкереленгендердің арасында түрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарлары, сондай – ақ, облыстық басқармалардың 14 басшысы бар», - деді. Өз кезегінде, қала әкімінің орынбасары А. Әмрин Агенттіктің пилоттық нысандағы кешенді талдау жүргізу туралы бастамасын елорда әкімдігінің басшылығы қолдағанын атап өтті. Аталған талдау Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлық факторларын анықтау мақсатында нормативтік актілер мен жұмыс процестеріне талдау жүргізу қажеттілігіне қатысты тапсырмасын орындау аясында жүргізіліп жатқанына баса назар аударды. Қалыптасқан тәжірибе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет барлық мүдделі ұйымдарды, азаматтық қоғам институттарының өкілдері мен белсенді азаматтарды талдауға қатысуға шақырады.

Жергілікті атқарушы органның, оның аудандық бөлімшелерінің немесе ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық көріністері туралы ақпарат болған жағдайда ескертулер мен ұсыныстарды келесі электрондық мекенжайға жіберуге шақырамыз: risk.akimat@antikor.gov.kz.