Естеріңізде болса, 11 маусым күні Ақорданы, ҰҚК-ні және басқа да стратегиялық маңызды нысандарды дронмен әуеден видеоға түсіріп жүрген Лю Хау есімді Қытай азаматы ұсталған. Nege.kz порталы Қытайлық «шпионға» қатысты кейбір жайттарды анықтады.
Біз осы оқиғаға байланысты Қазақстандағы ҚХР елшілігіне, ҰҚК төрағасы К.Мәсімовке Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевқа және Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Е.Сәденовке ресми сауал жолдағанбыз.
ҚХР елшілігінен әлі жауап келген жоқ. Әдетте даулы мәлімдеме жасап, жүрген жерін шулатып жүретін елші Чжан Сяо жауап беруді қажет деп таппауы мүмкін. Себебін ішіңіз білсін…
Ұлттық қауіпсіздік комитеті де әзірге тым-тырыс. ІІМ-нің баспасөз қызметі «тіркелген факті негізінде ҚР ӘҚБК-ның 563-бабы (ҚР әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу) бойынша әкімшілік материал жинақталғанын, материалдарды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне жолдау жоспарланып отырғанын» жазыпты.
Тек Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен там-тұмдап ақпарат алғандай болдық. Департамент басшысының бірінші орынбасары Б.Малыбаевтың жауабы төмендегідей:
«2021 жылдың 11 маусымында Полиция департаментінің қызметкерлерімен Нұр-Сұлтан қаласы Триатлон паркінің аумағында Қытай Халық Республикасы азаматы Liu Hao «DJJ» маркалы дронды қолдана отырып, елорданың өзіне ұнаған ғимараттарын бейнежазбаға түсіру арқылы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзғаны анықталды. Аталған факті Нұр-Сұлтан қаласы «Алматы» ауданының Полиция басқармасының ақпаратты есепке алу кітабына №217111030016973 санымен тіркелген.
2021 жылғы 12 маусымда Қытай азаматына қатысты жинақталған материалдар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 563-бабына сәйкес әкімшілік жаупкершілікті қарастыру үшін «Азаматтық авиация комитетіне» жолданғанын хабарлаймыз.
Liu Hao-ның Қазақстан Республикасының аумағына келуі жөніндегі құжаттарын Департаменттің Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері тексеріп, келу мақсаты іскерлік (жұмыс бабымен) екенін, көші-қон саласында құқық бұзушылықтар анықталмағанын хабарлаймыз».
Яғни, әзірге қытайлық Лю хауды «іскер» деп қабылдаймыз. Өйткені мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ҰҚК де, Президенттің қауіпсіздігіне тікелей жауапты Мемлекеттік күзет қызметі де бұл оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Жалпы, шпиондардың шетелде әшкереленіп қалуы көп жағдайда халықаралық дауларға түрткі болғанымен, анау айтқандай тосын жаңалық саналмайды. Кейбір елдер ұсталып қалған шпиондарын арнайы келісіммен алмастырып алып жатады. Сондықтан мұндай «барыс-келістер» бұған дейін де болған, бұдан кейін де бола бермек.
Бұл жерде сұрақ басқа болса керек-ті: Қазақстанда Қытайдың қанша «іскері» жүр? Мемлекеттің және Мемлекет басшысының қауіпсіздігіне жауапты органдар олар туралы біле ме?!