$ 494.87  520.65  4.91

Арқалық қаласына қарасты Жаңақала ауылының тұрғындары екі күннен бері өртпен арпалысып жатыр

Биліктен еш көмек болмаған соң ауыл тұрғындары өздері өртті ауыздықтауға тырысқан. Алайда одан еш нәтиже болмай отыр.

Қостанай облысы Арқалық қаласына қарайтын Жаңақала ауылындағы дала өрті әлі күнге дейін сөндірілмеген. Биліктен еш көмек болмаған соң ауыл тұрғындары өздері өртті ауыздықтауға тырысқан. Алайда одан еш нәтиже болмай отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Тұрғындардың айтуынша, жолдағының барлығын жайпап келе жатқан қызыл жалын ауылға таяп қалған. Не істерін білмей қысылған халық енді енді әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауға көшкен. 

Журналист Еркеғали Бейсеновтың айтуынша, бүгінде Торғай даласы түгелдей қою түтін құрсауында қалған. 

"Дала өрті өткенде Екідің ауылының жан-жағын жалмап тынып еді. Енді міне, іргесіндегі Жаңақала (Қараторғай) ауылының маңы жанып жатыр. Жергілікті жұрттың айтуынша, әне-міне дегенше басқа ауылдарға да жайылу қаупі жоғары екен.

Айналдырған екі облысты (Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданын) қуаңшылықтан құтқара алмаған билік қазір екі-ақ ауылды қызыл жалынмен бетпе-бет қалдырып отыр. Қолдарынан түк келмесе, осы бізге Ауыл шаруашылығы және Төтенше жағдайлар министрлігінің не қажеті бар? Таратып жіберу керек қой! Онсыз да пандемияның салдары елде жұмыс істейтін Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктері ғана бар екенін көрсетіп берген еді.

Қазір анау екі өңірге жемшөпті басқа жақтың қарапайым еріктілері тасып жүрсе, мынау екі ауылдағы тілсіз жауға жалғыз Арқалық қаласы өрт сөндірушілерінің шамасы келмей жатыр. Оу, техника жеткіліксіз болса, неге жайшылықта оқу-жаттығуы "мінсіз" өтіп жатқан ТЖМ мен Қостанай облыстық ТЖД қосымша күш жұмылдырмайды?! Тікұшақтары қайда ұшып кеткен?", - деп өзінің facebook парақшасында.

Azattyq Ruhy порталының мәліметіне қарағанда, биліктен еш қайыр болмаған соң, жақын маңдағы елді-мекендерден көмек келе бастаған. Алайда қолдардарында ешбір арнайы құралы жоқ жұрт өртті толықтай алмай отыр. Тіптен олардың өздері өрттің ортасында қалған.

Ал әкімдіктің жіберген жалғыз өрт сөндіру көлігі орта жолдан бұзылып, далада қалыпты. Арқалық қаласы төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Данияр Рүстемов өрт шыққаны жөнінде хабар келгеннен кейін өрт сөндіру қызметі ауылға шыққанын айтады. Алайда байланыстың жоқтығынан өртің сөнген-сөнбегені біле алмай отырғанын мәлімдеген.

«Жаңақаладағы өртті сөндіру қол күшімен, арнайы өрт сөндіру автокөлігі көмегімен жүргізіліп жатыр. Әкімнің орынбасары мен ТЖ бөлімінің басшысы ауылға арнайы барып, жағдайды өз бақылауына алды. Әзірге біз аталған ауылмен байланысқа шыға алмай отырмыз. Өрт 30 маусым күні басталған болатын. Күннің қатты ыстығынан әр жерде тұтанып, үлкен жалынға айналған. Көліктер өрт шықты деген хабарды естігеннен кейін жіберілді. Жолда қалып қойды деген ақпарат бізге келген жоқ. Ауылдың шет жағында байланыс дұрыс ұстамағандықтан дәл қазір өрттің сөнген-сөнбегені туралы нақты айта алмаймын», - деді Төтенше жағдай қызметінің өкілі.

"Ауылдың кәрісі де, жасы да өртті сөндіруге кетті. Айналдырған бір ғана трактор бар, соған бөшке тіркеп, сонымен өшіруге тырысып жатырмыз, бірақ жұмыс өнбей жатыр. Қала жақтан ешқандай көмек жоқ, күте-күте шаршадық. Арқалықтан бір автобус адам келді көмекке, бірақ қолдарында құралдары жоқ, жалаң қолмен не істей алады? Күннің ыстығы мен самал жел жағдайды ушықтырып барады", - дейді ауыл тұрғындарының бірі

"Ауылға назар аудармайды, көмек келмейді сырттан. Арқалықтың өзінде өрт сөндіру техникасы әбден ескірген. Суды дұрыс шаша алмайды. Бүгін таңертең ғана қаладан көлік келе жатыр деген хабар келді. Жанатыны жанып болғаннан кейін келген көмектің не керегі бар", - деп ренішін білдірді тағы бір тұрғын"  деп жазады аталмыш дерек көзі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары