$ 484.11  528.79  5.03

Ауыл әкімдерін сайлау: Кандидаттарды ұсыну 9 шілдеге дейін жалғасады

Ел бойынша орташа бәсеке бір орынға - 3,2 адам.
Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

25 маусымда аудандық сайлау комиссияларының шешімімен еліміздің 14 өңірінің 176 ауданы 730 сайлау округінде сайлау өткізу жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аумақтық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Науқан басталғалы бері республика бойынша барлығы 2322 кандидат, оның ішінде 7 шілдеде - 102 кандидат ауыл әкімдігіне ұсынылды. Оның көпшілігі, атап айтқанда, 1455 адам (62,7%) – өзін-өзі ұсынғандар, 867 адамды (37,3%) саяси партиялар ұсынған.

Саяси партиялардың ішінде ең көп кандидат - 588 адамды (67,8%) «НұрОтан» партиясы, 100 адамды (11,5%) «Ауыл», 70 адамды (8,1%) ҚХП, 56 адамды (6,5%) «ADAL», 53 адамды (6,1%) «AQJOL» партиялары ұсынды. Айта кету керек, ЖСДП партиясы бір де бір кандидат ұсынбаған.

Сайлау жарияланған округтер санының көптігіне байланысты кандидаттардың ең көбі Ақмола (300), Қарағанды (267), Алматы (247) және Шығыс Қазақстан (237) облыстарында ұсынылды. Кандидаттардың ең азы Маңғыстау (36), Атырау (60) және Батыс Қазақстан (82) облыстарында.

Ел бойынша орташа бәсеке бір орынға - 3,2 адам. Ең жоғары бәсеке Түркістан (3,8), Маңғыстау (3,6), Қарағанды (3,6) және Алматы (3,5) облыстарында. Ең азы Қостанай (2,3) және Батыс Қазақстан (2,6) облыстарында. Кандидаттарды ұсыну 9 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады, сондай-ақ кандидаттарды тіркеу де қатар (кандидаттарды тіркеу 14 шілде сағат 18:00-ге дейін) жүргізіледі. 7 шілдедегі жағдай бойынша 456 кандидат тіркелді (ұсынылған кандидаттардың жалпы санының 19,6%-ы).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары