$ 494.87  520.65  4.91

ҚР Президенті: Басты мақсат - экономиканы үдету және халықтың әл-ауқатын арттыру

Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын ашқан кезде айтты.

Бүгін, 10 шілде күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өз жұмысын бастады. Отырыс бейнебайланыс режимінде өтіп жатыр. 

Жиында еліміздің 2021 жылғы жарты жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланады деп күтілуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономиканы дамытудың міндеттерін белгілейтін болады. 

«Басты мақсат - экономиканы үдету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Індетке және шектеу іс-шараларына қарамастан ел экономикасы жарты жылдың ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек», - деді Үкіметтің кеңейтілген отырысын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, дағдарысқа қарсы іс-шаралардың және карантиндік шектеулердің төмендеуіне байланысты іскерлік белсенділік қалпына келді.

«Біздің міндетіміз - екінші жартыжылдықта экономика өсімі қарқынын арттыру», - деп атап өтті ҚР Президенті.

Қазіргі уақытта ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2021 жылдың 1-жартыжылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жыл соңына дейінгі Үкіметтің жоспарлары жайында баяндауда. Одан кейін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлейді. Сондай -ақ Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Шымкент қаласының әкімі баяндама жасайды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жыл басында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамымен алғаш рет кеңейтілген отырыс өткізілген болатын. Ол жиында республикамыздың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына қорытынды жасалынып, ағымдағы жылға жоспарлар құрылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары