$ 494.87  520.65  4.91

«Үкімет құрамы Президент тарапынан өткір сынға алынды» - саясаттанушы

Ұлттық экономикаға жан бітіріп елдің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер қойды...
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Бұл пікірді саясаттанушы  Расул Жұмалы Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы. 

"Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Оның барысында белгілі қиындықтарға қарамастан ел экономикасы биылғы жарты жылда 2,2 пайызға өскені хабарланды.

Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендегенін ескерсе бұл жаман емес. Десе де барша елді алаңдатып отырған басты тақырыптар - қымбатшылық пен бірқатар өңірлердегі қуаңшылықтың зардабы.

Аталған және басқа түйткілдерді еңсеруде қолда бар әлеует толық іске асырылып отыр деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыдағы салғырттығы мен икемсіздігі үшін Үкімет құрамы Президент тарапынан өткір сынға алынды, ал Ауыл шаруашылығы министрі мансабынан босатылды.

Бірақ кадрлық ауыс-түйіспен қатар атқарушы билік жұмысының өзінде жүйелі реформалар қажет. Әсіресе, сөз болып отырғаны - әр лауазым иесі жауапкершілікті өз мойнына ала білуінде, бастамашылдық пен қоғам алдында ашықтықтан қаймықпау, кеш қалып істі насырға шаптырмай алдын ала қамдану. Осы реттегі, сондай-ақ ұлттық экономикаға жан бітіріп елдің әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер қойды.

Атап айтқанда, мал азығын Қазақстаннан сыртқа шығаруды толық тоқтату, игерусіз жатқан жайылым жерлерді уақыт оздырмай ауыл тұрғындарына қайтару, вакцинация науқаны айналасында пайда болған алаяқтарды қатаң жазалау, тас жолдардың сапасын олар үшін алынатын салыққа лайықты ету, қуаңшылыққа жол бермеу мақсатында жаңа су қоймаларын көптеп салу, азық-түлік саласында алыпсатарлыққа жол бермеу, басқа да өзекті шаруалар сөз болды.

Президенттің өзі істің адамы екенін бұған дейін талай мәрте дәлелдеді. Қазір де елдегі күрделі ахуалды мұқият сараптап, орын алған түйткілдерді еңсеруде жан-жақты ойластырылған бағдарлама ұсынды. Ал енді осы қадамдар қаншалықты нәтижелі болмақ - оны тек алдағы уақыт көрсетеді", -деп жазды ол.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары