Қызылорда тұрғындары 2020 жылы желтоқсанда 94 млн-ға төселген асфальтты қолдана алмай отыр. Аптап ыстық көшені ерітіп жіберген.
Бұл туралы Orda.kz Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
7 ай бұрын төселген асфальт ыстыққа төтеп бере алмай, шайыры аяққа жабысып жатыр. Салдарынан тұрғындар жүріп-тұра алмай жатыр.
Ең қызығы, мұндай көшеге бюджеттен 94 млн қаражат бөлінген.
Бұған дейін батпаққа батқан халық, енді шайырға батпаудың қамын жасап, күніне бірнеше рет құм төсеп жатыр. Ал көлік жүрген жерлер шұрық тесікке айналған.
– Машина жүргенде су кешіп бара жатқан сияқты боласың. Не велосипед жүре алмайды, не адам жүре алмайды. Машина анау басынан, мына басына дейін шайырды парылдатып басып өтеді, – деді тұрғындардың бірі Жұмабек Шайзадұлы.
Бұл туралы естіген қала әкімдігі «ол жолдың сапасыздығынан емес, аптап ыстықтан» деп, қол қусырып отыр.
– Сапасыз деп те айтуға болмайды. Қайта қалпына келтіреміз. Кепілдік мерзімі бар ғой. Онымен қоса қазір соттың қарауында. Соттың шешіміне сәйкес тиісті шешімдер қабылданады, – деді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Дінмұхамед Сырлыбаев.
Мердігердің айтуынша, аяққа сағызша жабысқан көшенің тек біреуі ғана жөнделеді. Ал қалғандарының қиындығы қашан шешілері белгісіз.