АҚШ Қытайдың жеті шенеунігіне «Гонконгтегі демократиялық құндылықтарға қауіп төндірді» деген айып тағып, санкция салды, деп жазады orda.kz.
Азаттықтың мәліметіне қарағанда, АҚШ қаржы министрлігі жариялаған санкцияға Қытайдың Гонконгтегі байланыс бөлімінің бірнеше шенеунігі ілінген. Негізінен Пекин бұл бөлімді Гонконгте өзінің саясатын жүргізу үшін қолданады.
Қара тізімге байланыс бөліміндегі Чен Дун, Хэ Цзин, Лу Синнин, Цю Хун, Дань Тяньуй, Ян Цзяньпин, Инь Цзунхуа сияқты басшылық қызмет атқаратын шенеуніктер мен олардың орынбасарлары еніп отыр.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен осы оқиғаға байланысты пікір білдірді.
"Кейінгі уақытта Қытай шенеуніктері Гонконгте демократиялық құндылықтарды жүйелі түрде бұзып, билікпен келіспеген мыңдаған адамды қамады", – деді мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен.
Қытай «Гонконг территориясында жүрген адам қандай да бір іске күдікті болса, оны Пекинге беру туралы» заңын ұсынғаннан кейін Гонконгте жаппай наразылық басталған.
2019 жылдан бері Гонконгте Қытай саясатына қарсы наразылық күшейе түсуде.