Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің лауазымды тұлғаларын ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау күдігі бойынша әшкереледі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Аталған Департамент басшысы өзіне бағынышты бас маманның делдалдығы арқылы Талғар АЭЖ қызметкерінен осы мекемедегі электр энергетикасы саласындағы тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды бергені үшін айтарлықтай мөлшерде пара алу күдігіне ілінді», - делінген ведомство хабарламасында.
Аталған тұлғалар пара алу және беру, сондай-ақ осыған делдал болу фактілері бойынша өз кінәларын толық мойындауларына байланысты ұсталған жоқ.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
«ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.