Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа сөгіс жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде жазды.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қ.Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады. Әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілді", - делінген хабарламада.
Бұған дейін Тараз қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Досаев Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалғаны хабарланған еді.