$ 449.58  486.94  4.86

«Қазақша балабақша жоқ еді»: Дәурен Абаев сынға ілінген сөзіне жауап берді

Абаев өз өмірінен мысалдарды келтіре отырып, қазақ тілінің ауқымы кеңейгенін баса айтты.

Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев сынға ілінген сөзіне түсініктеме беріп, өзіне ашық хат жазған ақын Маралтай Райымбекұлына жауап жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін белгілі қазақстандық ақын Маралтай Райымбекұлы Абаевқа ашық хат жазған болатын. Онда ақын Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайын сынға алды. Атап айтқанда, ақын орыстар Қазақстан халқының тек 20%-ын ғана құраса да, неге ел азаматтарының 90%-ы орыс тілінде сөйлейді деген сұрақ қойды. Ол сондай-ақ қазақстандық балалардың 30%-ы орыс тілінде білім алатынына наразылығын білдірді. Сонымен қатар, Райымбекұлы Абаевтан оның "үңгір ұлтшылдығы" деген сөзін түсіндіруді сұрады.
Бұған жауап ретінде Дәурен Абаев әлеуметтік желіде жазба жариялап, республикадағы қазақ тілінің дамуы туралы айтты.
“Қазақтар 2-3 тіл білсе оның несі айып? Халқымыз "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл" демеуші ме еді? Кешегі әл-Фараби 70-ке тарта тіл білсе, ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін білгендіктен де адамзат руханиятының биігіне көтерілді емес пе? Елбасы екі тілде емін-еркін сөйлегесін, халықты ұйыстырып, шекарамызды шегендеп, аумалы-төкпелі уақыттан аман-есен өткен жоқ па еді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының БҰҰ ресми алты тілінің төртеуін жетік меңгеруі мейманамызды тасытып, талай келіссөздің ел пайдасына шешілуіне жол ашпай ма? Тіл – адам мен адамды байланыстыратын, өрісімізді кеңейтетін, өремізді арттыратын құрал”, – деді Дәурен Абаев.
Ол өзгелермен терезесі тең, ешкімге есесін жібермеуі үшін де қазақ баласы көп тіл білгені жөн деп есептейтінін атап өтті.

“Орыс немесе ағылшын тілін білу қазақ тілін меңгеруге кедергі болмауға тиіс. Себебі біз "Өнер алды қызыл тіл" деп, мәдениетіміз бен дәстүрімізді ана тілімізге сыйғызған халықпыз. Рухани байлығымыз бен ұлттық кодымыз да тілімізден көрініс табады. Бір сөзбен айтқанда, қазақты тану үшін тілін үйрену керек. Сондықтан да егемендік жылдары қазақ тілін дамыту бағытында жүйелі, өте ауқымды жұмыстар жасалды. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды”, – деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Абаев өз өмірінен мысалдарды келтіре отырып, қазақ тілінің ауқымы кеңейгенін баса айтты.

“Елімізде қазақ мектептерінің саны 10% ғана болған уақытты ұмытқан жоқпыз. Бүгінде ол 70% құрайды. Алайда, бұл бір-екі жылдың ішінде өзінен-өзі оп-оңай бола салған дүние емес. Жаңа оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазып, физика, математика және басқа да пәндерді қазақ тілінде оқытатын мұғалім тәрбиелеп шығару үшін қаншама тер төгіліп, күш жұмсалды. Бір кездері баламызды беретін қазақ балабақшасын таппайтынбыз. Бүгінде елімізде 6 мыңнан астам қазақ балабақшасы бар.
Егер ана сүтімен сіңген туған тіліміздің ертеңіне бей-жай қарайтын болсақ, әлемнің ең беделді классикалық туындыларын, оқулықтарын қазақшаға аударамыз ба? Қазақ тілін телевидение мен радионың тіліне айналдырар ма едік? Ең ақыры, балаларымызға "Әліппені" қайтарудың өзегінде де ана тілімізге деген жанашырлық жатқан жоқ па?”, – деді ол.

Осы орайда Абаев "үңгір ұлтшылдығы" деген сөзіне түсініктеме берді. Ол бұл сөзді кейбір белсенділерге бағыттап айтқанын жазды.
“Мен қазақ тілінің болашағына алаңдайтын адамның бәрін сыйлаймын. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын әр мұғалімді, репетиторды, балаларға арнап мемлекеттік тілде кітап шығарып, мультфильм, кино, сериал түсіріп жүрген әрбір авторды ерекше құрметтеймін. Алайда, тіл сияқты нәзік әрі сезімтал мәселені байыппен емес, хайппен және лайкпен шешкісі келетіндерге қарсымын. Қоғамға жік салып, қақтығыс туғызуды көздейтіндердің әрекетін құптамаймын. Бұл – менің азаматтық ұстанымым!”, – деді Дәурен Абаев.
Ол әнші Димаш Құдайбаргеннің қазақ тілін дамыту үшін жасап жүрген қызметін мысал етіп, тіл мәселесінің көшбасында мәдениет пен білім беру жүйесін насихаттайтын "жұмсақ күш" болуы тиіс екенін мәлімдеді.
“Жер мен тіл – халқымыздың ең басты қос құндылығы. Бұларды қазақтың жаны мен бары деуге де болады”, – деді экс ақпарат министрі.
Дәурен Абаев қазақ тілі міндетті түрде ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналатынын атап өтті.

“Біздің бұған қатысты алған бағытымыз айқын, қадамымыз нық. Алайда, тағы да қайталап айтқым келетіні, бәрі бір сәтте болмайды. Біреуді камера алдында кешірім сұратып, өз азаматтарымызды өз елінде шеттету арқылы бұған мүлде қол жеткізе алмаймыз.
Біз дана халықпыз. Бірақ біздің бойымыздағы төзімділік, саналылық пен сабырлылық сияқты қасиеттерді әлсіздікке балауға болмайды. Керісінше, бұл – мықтылар ғана көрсете алатын ұлы күш. Біздің ұмтылысымыз бен жігеріміз тауды тескен судай діттеген жеріне жететіні анық”, – деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Дәурен Абаев