«Бүгінгі күні таралып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Ауғанстандағы жағдай сағат сайын өзгеру үстінде, сондықтан нақты шешім туралы айтуға әлі ерте», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігі.
Бұған дейін «Шенеунік» Telegram каналы Қазақстан үкіметімен АҚШ үкіметінде жұмыс істеген ауғандықтарды уақытша қабылдау туралы келісімге қол жеткізілгені туралы хабарлама жариялаған.
«Босқындар лагері Қазақстанның оңтүстігінде орналасатыны белгілі болды, бірақ Алматы мен Түркістан облыстарында емес екені анық. Алғашқы келісім 2 мың ауғандыққа арналған, бюджет бөлініп қойды. Босқындар енді виза рәсімін аяқтап жатыр. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен телефон арқылы сөйлескен кезде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Тілеуберді Мұхтармен босқындарды паналау процесінің соңғы мәселелерін талқылады», – деп хабарлайды аталған ақпарат көзі.
Бұрын белгілі болғандай, сенбі, 14 тамызда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлескен. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын, қазіргі халықаралық проблемалар мен екіжақты және көпжақты форматтағы алдағы оқиғаларды талқылаған.
Еске сала кетсек, 2 шілдеде Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасай отырып, АҚШ Тәжікстаннан, Қазақстаннан және Өзбекстаннан американдықтарға көмектескен тоғыз мыңға жуық ауғандықтарды уақытша орналастыруды сұрағанын хабарлаған болатын.